Атырау, 26 қараша 22:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Аудан жаңалықтары

2 074 просмотра

Көлікке қызығып, күдікке ілінді

Құлсары қаласындағы №6 мектептің 11-сыныбында оқитын екі оқушы Жылыой ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің қызметтік «Нива» көлігін ұрлады деген күдікке ілініп отыр.

Наурыздың 4-інен 5-іне қараған түні оқушылар жүргізушінің көлікжайына кіріп, машинаның мемлекеттік нөмірін әжетханаға лақтырып тастаған. Кейін Атырау қаласына келіп, 450 мың теңгеге сатып жіберген. Көлікті арзан бағаға сатып алғанына мәз болған сатып алушы оның құжатын да сұрамаған.

Жылыой аудандық ІІБ қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында көлік наурыздың 16-сы күні табылып, бөлімге қайтарылған. Ұрлыққа қатысы бар деген күдіктілердің бірі Жылыой ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі бастығының бұрынғы міндетін атқарушының ұлы болып шықты. Жастардың үстінен ҚР ҚК-нің175-бабы («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс көтерілді. Тергеу жүргізілуде.

***

 

Ауылдарға пошта жетті

Исатай ауданына қарасты Зинеден, Нарын ауылдары мен Жас қайрат, Қызыл үй елді мекендеріне жылжымалы пошта қызметі ұйымдастырылды.

Осы ауылдар мен елді мекендер тұрғындарын зейнетақы, түрлі жәрдемақы және әртүрлі басылымдармен уақытылы қамту үшін жылжымалы «УАЗ» автокөлігі бөлінді. Көлік компьютер және сейфпен қамтылған.

***

 

Жаңа амбулатория

Исатай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория есігін ашты.

Осыған дейін амбулатория қызметкерлері бірнеше жыл қатарынан теміржолшылар стансасы ғимаратының бір бұрышында отырып келген болатын. Бұл адамдарды қабылдау үшін қолайсыздық туғызатын. Оның үстіне құрал-жабдықтар да ескі, ғимаратты жалдауға да жылына 700 мың теңге төленіп келді. Енді жаңа амбулаторияда дәрігерлердің өз кабинеті болады, олардың іші соңғы үлгідегі медициналық техникалармен жабдықталған. Одан бөлек, мұнда төрт кісілік күндізгі стационар кереуеті мен дәріхана бар.

***

 

Жерлер қайтарылды

Исатай аудандық прокуратурасы жер заңнамасын 118 рет бұзған жағдайды анықтады. Ал кейбір жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мәселен,2011 жылы Аққыстау ауылдық округінің әкімдігі жергілікті тұрғын Ж. Беркалиевтің өндірістік база мен теміржол тұйығы құрылысына 1,5 га жер телімін жеке меншік құқығымен 1 млн 590 мың теңгеге сатып алуына мүмкіндік берген. Сатып алу, сату шартына сәйкес тұрғын жер телімінің құнын 2012 жылға дейін төлеуге міндетті бола тұра, оны орындамауына байланысты жер мемлекетке кері қайтарылды. Сондай-ақ, аудандық соттың шешімімен 1,69 га жерді уақытылы игермегені үшін 18 жеке тұлғаның жер телімі мемлекет қорына қайта өтті.

***

 

Кәсіпкерлердің құқығы қорғалды

Исатай аудандық прокуратурасы жеке кәсіпкерлердің құқығын қорғау кезінде 34 заңсыз актінің күшін жойғызды.

Атап айтсақ, санэпидстанса тарапынан 11 тексеру тағайындау актісінің, 11 тексеру актісінің, 10 әкімшілік іс бойынша қаулысының күші жойылды. Аудандық МСЭҚБ бастығы Ө. ШАКЕСОВА тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұндай заңсыздықтар аудандық аумақтық инспекция тарапынан да орын алған. Инспекцияның бас маманы Р. ТАКЕНОВ ҚР ӘҚБтК-ның 153-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып,17 310 теңге айыппұл төледі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.