Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұрғыны Тұрлан БЕКЕШОВТІҢ (суретте) жылыжайында қияр, қызанақ, шалғам, аскөк пен ақжелкен өседі.
- Бастапқыда 400 шаршы метр жерге егін салғанмын. Кейін оның көлемін ұлғайтуды көздеп, егін көлемін тағы да 350 шаршы метрге кеңейттім. Биыл Қызылқоға халқы наурыз айының ішінде қияр жей бастады. Негізі 1000 түп қызанақ, 800 түп қияр еккенбіз, - дейді Тұрлан. Ал шалғам, аскөк, ақжелкендер осыдан екі ай бұрын жиналған.
Қазір жылыжайда бес адам тұрақты жұмыс істейді. Қызылқұмның ортасын көкөніске байытқан Тұрланға жерлестері дән риза. Себебі, ежелден мал шаруашылығына маманданған Қызылқоға өңірінде егіншілікпен айналысуға ешкім құлшынбайды, көпшілік құмды жерден өнім алу мүмкін емес деген көзқараспен өмір сүріп келген болатын. Алайда, «ебін тапқан екі асар» деген сөз Тұрланға қатысты айтылған болуы керек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА