Атырау, 26 қараша 22:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мектеп құрылысы неге тоқтап қалды?

4 617 просмотра

Құрманғазы ауданы Жамбыл ауылындағы Панфилов атындағы орталау мектебі 2013 жылдың 16 мамырында өртеніп кетті. Сол жылдың жазында оның орнында жаңа мектептің құрылысы басталған болатын. Алайда, қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр (суретте).

Мектептің 81 оқушысы, сондай-ақ, 20-ға тарта мұғалімі мен қызметкерлері жеті айдан бері сегізшақырым қашықтықтағы көрші Теңіз ауылдық округінде орналасқан Ю. Гагарин атындағы орта мектептің бастауыш сыныптарға арналған ғимаратына барып жүр.

Әрине, оларға арнайы автобус бөлінген, бірақ олар жиі ауысады, сондықтан оларды кейде ұзағырақ күтуге тура келеді.

- Гагарин атындағы мектептің бастауыш сынып ғимараты бізге уақытша берілген. Біз келгесін ондағы бастауыш сынып оқушылары негізі мектепке көшірілді, - дейді Панфилов атындағы орталау мектебінің директоры Нұрлыхан ЖАМАНҒАРИН.

Ұстаздар мен оқушылар жаңа мектеп құрылысының бітуін асыға күтіп жүр.120 орындық жаңа мектептің құрылысына облыс бюджетінен 369 млн теңге бөлінген болатын. Құрылыстың бастапқы мердігері - «Басерстрой» ЖШС, ал тапсырысшысы - облыстық құрылыс басқармасы. Басында мектеп құрылысы 2013 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланған еді. Алайда қабырғасы ғана қаланып үлгерген мектептің бүгінде шатыры жабылмаған, терезесі салынбаған, ішкі және сыртқы жұмыстары жасалмаған. Олардың қашан жасалатыны да белгісіз. Құрылыс алаңында қарауылшыдан басқа тірі жан көрінбейді.

- Мен құрылысшылардың қашан келетінін білмеймін. Бастықтардың ұялы телефоны менде жоқ, сондықтан мен сізге ештеңе айта алмаймын, - деді қарауылшы Виталий БОГАЗИЕВ.

Мәселенің мән-жайын «Басерстрой» ЖШС-нің директоры Ербол СӘРСЕНБАЕВТАН сұрап білдік:

- Бастапқыда облыстық ТЖ басқармасынан қаржы бөлініп, құрылыстың сметалық жобасы жасалып, біз тек 107 млн теңгенің жұмысына келісімшартқа отырдық. Өткен жылдың аяғына дейін бұл сомаға тиесілі (іргетасын құю, қабырғасын тұрғызу) жұмыстарды атқарып шықтық. Біздің келісімшартымыздың мерзімі бітті, ал келесі мердігердің кім болатынын мен білмеймін.

- Нысан тапсырысшысы - облыстық құрылыс басқармасы сіздердің нысанды тапсыру келісімшартын неге ұзартпады?

- Білмедім. Айттым ғой, біз өзімізге қатысты жұмысты атқардық. Қазір жұмысшыларымыз уақытша ақысыз еңбек демалысында.

Құрылысшылардың ақпаратына сәйкес, мектеп құрылысының бүгінде 50 пайызы бітіп тұр. Қалған жұмысының қашан бітетінін ешкім дәл айта алмайды. Себебі жұмысты жалғастыру үшін облыс бюджетінен тағы262 млн теңге бөлінуі тиіс. Ал жаңа мердігерді анықтау үшін тендер өтуі тиіс. Бұл тез арада шешілетін іс емес.

- Облыстық құрылыс басқармасындағылар бізге тендер осы наурыз айында өтеді деген, -дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Қуандық САДЫҚОВ. -Соған қарағанда қаржы мәселесі шешілген болуы керек. Мердігер анықталғаннан кейін құрылыс жұмысы жалғасын табады деген үмітте отырмыз.

Ләззат  ҚАРАЖАНОВА

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.