Атырау, 26 қараша 22:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Он оқушы Астанаға барады

2 148 просмотра

Атырауда «Жарқын болашақ» атты VI республикалық «KATEV» қазақ тілі олимпиадасының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Бұл байқау жыл сайын облыстық білім беру басқармасы және облыстық қазақ-түрік лицейінің ұйымдастыруымен өткізіліп тұрады. Байқауда оқушылар бес түрлі бағыт бойынша өздерін жан-жақты қырынан көрсете алады: «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Жазушылар».

Биыл оған қатысуға қаладан және әр ауданнан барлығы 80 оқушы тілек білдірген. Солардың ішінен суырылып алға шыққан үздіктер мыналар: Кіші өнер Академиясының оқушылары Нұрсұлтан НӘЖІКЕНОВ («Сөз шеберлері»), Надежда РАННЕВА («Сөз шеберлері»), Әсем СЕРГЕЕВА («Әнші-бұлбұлдар»), Байбақты ІДІРБАЙ («Әнші-бұлбұлдар»), Қызылқоға ауданындағы Досмұхамедұлы орта мектебінің оқушысы Жұлдыз АБЫЗ («Тілші-әдебиетшілер»), Дарын мектебінің оқушысы Батыр МЕНКИДЖАНОВ («Тілші-әдебиетшілер»), Ұлттық гимназияның оқушысы Мейрамгүл ОРАХОВА («Жас ғалымдар»), Техникалық гимназияның оқушысы Гүлнәз ТҰРҒАЛИЕВА («Жазушылар»), №36 орта мектептің оқушысы Әділет ТІЛЕШ («Әнші-бұлбұлдар»), Құрманғазы ауданындағы Биғалиев орта мектебінің оқушысы Аяулым ҒИНАЯТОВА («Сөз шеберлері»).

- Мен бұл олимпиадаға бірінші рет қатыстым. Биыл, міне, қазылар алқасының шешімімен 1-орын алып отырмын, - дейдіБайбақты Ідірбай. -Мұнда қойылған басты талап – қазақтың тарихи мағынасы бар патриоттық әндерін орындау болды. Сондай-ақ, вокал ерекшеліктері мен ән орындау шеберлігіне, тіл анықтығына және сахналық киімге баға берілді.

Ол Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» термесін орындаған. Болашақта әнші болуды алдына мақсат етіп отыр.

Нұрсұлтан да аталған талаптар үдесінен шыға білді. Ол Мұхтар Шахановтың «Отырар сазы» дастанын мәнерлеп оқып, көзге түсті. Оны бұл сайысқа дайындаған - Кіші өнер Академиясындағы өзінің ұстазы, Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының актрисасы Ақназкен БАЙЖАН екен. Ол кәсіби актер болуды армандайды, Кіші өнер Академиясындағы оқуын түгескен соң Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер Академиясына оқуға түскісі келеді.

Жеңімпаздарға 5-6 сәуір күндері Астанада KATEV қазақ-түрік халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама берілді. Олимпиадада 1-орын алған оқушыларға Сүлеймен Демирел атындағы университет гранты табыс етіледі.

Ал 2015 жылы «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасын халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.

- KATEV қоры мен Білім министрлігі келер жылы Қытай, Ресей, Моңғолия, т.б. мемлекеттердегі қандас бауырларымызды «Жарқын болашақ» олимпиадасына қатысуға шақыру туралы сұраныс беріп жатыр, -дейді Атырау облыстық қазақ-түрік лицейі директорының орынбасары Руслан СИХИМБЕКОВ. - Әр мемлекеттен, кем дегенде, он бала қатысуға келсе, онда ол халықаралық дәрежедегі олимпиада болып саналады.

Айнұр САПАРОВА

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.