Атырау, 26 қараша 22:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жаздың ыстық боларынан үмітті

3 367 просмотра

Өңірлік электр желілері компанияларының (ӨЭК) 2013 жыл ішінде көрсеткен қызметтер көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 53 млн киловатт-сағатқа (4%-ға дерлік) азайды. Бұл туралы тұтынушылар алдындағы жыл сайынғы есебінде «Атырау-Жарық» АҚ президенті Айбар РАХМАНОВ қынжыла хабарлады.

«АТЫРАУБАЛЫҚ» ЖОҚ

- Электр қуатын ірі тұтынушыларға тарату 7,1%-ға азайды. «АМӨЗ» ЖШС бес қондырғысын күрделі жөндеуге шығаруына байланысты тұтынуды 41 млн киловатт-сағатқа төмендетті. «Ембімұнайгаз» АҚ-да Жылыой мен Исатай аудандарындағы ұңғымалардың апатты тоқтауы себепті 4 млн-ға азайды. Исатай ауданындағы «Сазанқұрақ» ЖШС генераторлар сатып алып, тұтынуды 2 млн киловаттқа азайтты. «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы да АМӨЗ-ге мұнай жеткізу көлемдерін азайту есебінен осындай мөлшерде үнемдеді, - деп хабарлады А.Рахманов. – Орташа тұтынушылардан: «Атырау Су Арнасы» КМК энергия үнемдейтін сорғылар орнатып алғаннан кейін электр энергиясын тұтынуды 3,2%-ға азайтты. Ауылшаруашылығы тұтынушылары тобында «АтырауБалық» АҚ-ның банкротқа ұшырауына, Құрманғазы ауданында «Каспий Балық» пен «Ақсу Қиғаш» балық аулау кооперативтерінің лимиттері азаюына байланысты компания шығындары 16%-ды құрады. «Облыс тұрғындары» тобы бір жыл ішінде 4 354 абонентке көбейді. Бірақ тұтыну 2%-ға азайды. Бұл жерде ауа-райының әсері байқалады. Салыстыру үшін: 2012 жылдың ақпанында орташа температура 9 градус аяз, 2013 жылдың ақпанында 3 градус жылы болды. 2013 жылдың жазында орташа температура 28,9 градус, ал алдыңғы жылы 35 градус болды. Сондықтан, қыста жылытатын, жазда салқындататын энергияны көп қажет ететін құралдарды қолдану азайды.

Есепті жыл ішінде ӨЭК 659 шақырым әуе және кабельді желілерді жөндеді, 19 қосалқы станса мен 94 трансформаторды жөндеп шығарды. Компания 2013 жылдың инвестициялық бағдарламасы шеңберінде шараларды толықтай орындады. Бұлар – жедел және өлшеу мәліметтерін жинақтайтын ақпараттық жүйесін енгізу, 2006-2020 жылдарға электр желілерінің келешекте дамуы жөніндегі шаралар, Атырау қаласының тозығы жеткен электрмен қамту жүйелері мен әуе желілерін қайта жарақтау, есептеу және диагностикалық техника құралдарын сатып алу, арнаулы автокөлік паркін жаңарту және т.б.

2013 жылы «Атырау Жарық» компаниясына көрсетілетін қызмет сапасына 182 шағым түсіп, кемшіліктер түзетілді. Атап айтқанда, Белинский көшесі, 24а мекенжайы бойынша фазаларға жүктемелерді тең етіп тарату жұмыстары жүргізілді. Сарбөпеев көшесі, 12-1 мекен-жайы бойынша тірек ауыстырылды. «ММ-19» ПИК-нің өтініші бойынша Авангард 4-ші ықшамауданында ТП-174/2-не тексеру жүргізіліп, ажыратқыштар ауыстырылды. Ауа райының қолайсыздығына, желдің күшеюіне байланысты сымдар тербеліп, электр тарату желілерінің қысқа тұйықталуы мен үзілуіне әкеліп соғады. Осындай жағдайларды болдырмас үшін оқшауландырылмаған сымдар заманауи оқшаулағышы бар сымдарға (СИП) ауыстырылды. Облыстағы «қорғалған» электр тарату желілерінің жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрады. «Бұл жұмыстар келесі жылдары да жүргізілетін болады» - деп сендірді ӨЭК басшысы.

 

ҚОЙМАЛЫҚ ТАУАР ЕМЕС

2013 жыл ішінде «Атырау Жарық» АҚ энергия үнемдеуші нысандарға кіретін жолды жауып тастаған тұтынушыларға 16 сот талабын жолдады. «Атырау Жарық» АҚ нысандарына баратын жерді жапқан кезде бүкіл тұтынушылардың мүдделеріне нұсқан келеді. Өйткені, ӨЭК осы нысандарды жедел жөндеу мүмкіндігінен айырылады. Бұл тұрғыда Канцев көшесіндегі ахуал мысал болады. Қала орталығында №13 ұлттық гимназиясының маңында жеке коттедждерді салушылар арнайы техниканың қосалқы электр стансасына баратын жерін түгелдей жауып тастаған. «Электр желілерінің қорғау аймағын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 225-1-бабымен әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деп сес көрсетті Рахманов.

Биылғы жылға ӨЭК келесі міндеттерді қосып отыр: 1 млрд 425 млн киловатт-сағат көлемдегі электр энергиясын тарату жөніндегі жоспарды орындау, инвестициялық бағдарлама бойынша 2,3 млрд теңгеге шаралар өткізу, электр қуатының нормативтік шығындарын 17,01-ден 16,91%-ға дейін азайту.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, А. Рахманов былай деді:

- Электр энергиясын пайдалы босатудың төмендеуі әрдайым электр желілері компанияларына залал келтіреді. Электр энергиясы - бұл қоймада сақтауға болатын тауар емес. Бұрын жоспарда мәлімделген электр энергиясының көлемін пайдаланбаған тұтынушыларға айыппұл салуды қарастыратын норма бар болатын. Бұл үшін біз сөгіс еститінбіз, ақыр аяғында, бұл норманы жойды. Енді электр қуатының пайдаланылмаған көлемі бізге залал болып келеді.

А.Рахмановтың айтуынша, ақпандағы теңгенің девальвациясы бұрын жасалған келісімшарттарды қайта қарауға әкеп соқтырған. Бағаның өсуі 5-тен 20%-ға дейінгі аралықты құрады. Ал сол кезде электр қуатының бағасы белгіленген күйде қалды. 13 ақпанда энергетикалық қадағалау комитетінде кеңес өтіп, онда 2014 жылы жөндеу көлемін азайтпау талабы айтылды. «Қазір әрбір ӨЭК қолдарынан келгенше амалдауда. 2014 жылдың ақпаны аязды болды. Енді біз жоспарға сай жөндеу жүргізу үшін жаз айлары ыстық болады деп үміттенеміз», - деп мәлімдеді Рахманов.

МұратСҰЛТАНҒАЛИЕВ

27 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.