Құрманғазы ауданындағы барлық тұрғын үйлердің шатырлары өзінен-өзі тегістей қою сарғыш түске боялған. Бұл жерде, кейін белгілі болғандай, күннің еш қатысы жоқ екен.
Жергілікті халық шатырлардың сарғыш тартып тұрғанын сапасыз құрылыс материалдарынан және экологияның кері әсерінен көріп отыр. Бізге бұл құбылыстың себебін Құрманғазы және Исатай аудандарының экологы болып он жыл қызмет атқарған (қазір ондай лауазым қысқартылған – Л.Қ.) Қажығали НАУАНОВ түсіндіріп берді:
- Құрманғазы ауданындағы жай мені кезінде қатты қызықтырды. Біз әріптестерімізбен бірге зерттеулер жүргізіп, шатырлардың сарғыш болып тұрғаны оның үстінде өсіп тұрған мүк өсімдігінен екенін анықтадық. Құрманғазы ауданында су көп, үнемі ылғал тартып тұратындықтан, мүктің өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Бұл экологиялық жағынан зиянды емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Мүк - көпжылдық өсімдік. Ол 1 мм-ден 70 см дейін өседі. Оның тамыры болмайды, тек жапырағы мен сабағы болады. Мүктер қоректік заттарды атмосферадан ылғалмен бірге алады. Мүктер кез келген жерде, әсіресе, ылғалы мол аймақтарда қалың болып өседі. Оларды үйлердің шатырынан, ағаш діндерінен, тастар мен жартастардан көп кездестіруге болады.