АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы мәліметтер бойынша, Үнді мұхитына құлаған Malaysia Airlines әуекомпаниясының жоғалған ұшағы қасақана құлатылуы мүмкін. Тергеушілер аталмыш нұсқаны тексеруде, деп хабарлайды Daily Telegraph тергеу амалдарына қатысып жүрген дереккөзге сілтеме жасап.
Басылымның атап өткеніндей, лайнердің ішінде кенеттен пайда болған өрт немесе жүйедегі ақаулар оның құлауына себеп бола алмайды. Дереккөздердің мәліметтері бойынша, қолда бар ақпараттарды талдау барысында ұшақ жоғалар алдында «орынсыз» қимылдарға бой алдырмаған.
«Бұл лайнер бортында болған, жоспары айқын адамның әдейі жасалған іс-әрекеті», - дейді басылым дереккөзі.
Дегенмен, тергеуге қатысып жүрген шенеунік аталған іс-әрекетке түрткі болған себептерді ашып айта алмады. Сонымен қатар, оның айтуынша, тергеудің бұл нұсқасын Малайзия билігі әлі растаған жоқ.
Айта кетейік, Малайзия премьері Наджиб Разак бірнеше апта бойы іздестірілген Boeing ұшағы Үнді мұхитына құлағандығын мәлім етті. «Боинг 777» ұшағы 8 наурыз күні Оңтүстік Қытай теңізінің үстінде жоғалып кеткен болатын. Оны іздеу жұмыстарына әлемнің жиырмадан астам елі жұмылдырылды.
Дереккөз: inform.kz