«Алтын сақа» ойынының биылғы жүлдегері Ернар ЗИНУЛЛА болды. Ол Атыраудағы №23 мектептің 3 «а» сыныбында оқиды. Өз тобындағы он екі баланың ішінен ол омпыны бірінші болып көздеп атып, финалға шықты.
Оның финалдағы қарсыластары екінші топтың және үшінші топтың жеңімпаздары - қалалық №6 мектептің оқушысы Асқар ӨМІРБЕК пен Ракуша ауылындағы М.Өтемісұлы атындағы мектептің оқушысы Әділет ШЫНЫКЕНОВ болды. Ернар өзінің жасының кішілігіне қарамастан екі қарсыласынан басым түсіп, бас жүлде - Samsung Galaxy S4 смартфонын ұтып алды.
Асқар екінші орынды жеңіп, Samsung Galaxy 8.0 планшетіне ие болды. Үшінші жеңімпазымыз Әділет Samsung Galaxy S Plus смартфонын иеленді. Сондай-ақ, асықты көп ұтқан ойыншылар арасынан ерекше көзге түскен белсенді ойыншы ретінде И.Тайманов атындағы мектептің оқушысы Нұрхан АМАНТАЙ анықталды. Оған ынталандыру сыйлығы ретінде велосипед тарту етілді. Нұрхан ойыншыларымыздың ішіндегі ең кішісі, алайда ол өзінің епті де мерген екендігін көрсете білді.
Биылғы ойынымызға қатысушылар саны 30-ға жетті. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының ойынға деген қызығушылықтары қуантты.
Ойынға Қызылқоға ауданынан Қуаныш ЕРМАХАН, Аққыстау орта мектебінен Абужайт АСХАТ және ойынға бірінші рет қатысқан Батырхан ҚАЙДОЛЛА, Шыңғыс ҰЛТАНОВ және басқа да қатысушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Мешіт алаңына жиналған жұртшылық, балаларына жанкүйер болған ата-аналар, бәрінен бұрын балалар мәз боп тарқасты. Ойынға қатысушылардың бірінің әкесі Қазбек СҮЙІНҒАРИЕВ «Алтын сақаны» жыл сайын ұйымдастырып, ұлттық ойынды насихаттап келе жатқаны үшін газетімізге алғысын білдірді.
Гүлсара ҚАЙЫРОВА
Cуретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ