14 наурызда №21 мектепте жоғары сынып оқушыларына өзін-өзі бақылауда ұстау дағдыларын үйретуге бағытталған «Психология 4» жобасының екінші кезеңін қорытындылаған «Үздік тренер» байқауы өтті.
Жобаны «Бота» қоғамдық қорының қаржылық көмегімен және қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен «Қазақстанның отбасылық дәрігерлерлері қауымдастығы» (ҚОДҚ) ҚБ және «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ЖҚБ жүзеге асыруда.
- Жобаның өзектілігі күнделікті өміріміздегі шынайы қажеттіліктер арқылы анықталады: білім беру мекемелеріндегі психологтарға балалардың психикалық-эмоциялық шиеленістерінің алдын алу және түзеу бойынша үлкен жауапкершілік жүктеледі. Психологтар балаларға жанжалды жағдайлардан қалай шығу керектігін, өз эмоцияларымен жұмыс жасауды, ашуын жеңе білуді үйрету керек, - дейді ҚОДҚ директоры Мейірімхан НҰРМАНОВА.
Атырау қаласы мектептері мен емханаларының психологтары тұлғааралық қарым-қатынас, ҰБТ-ға дайындық кезінде күйзелістермен күрес, қиын адамдармен қатынас жасау сияқты тақырыптарға арнайы дайындалған әдістемелік құралдар бойынша тренингтерден өтті. Жобаның алғашқы кезеңі өткен жылы жүзеге асырылды, оған №№12, 19, 27 мектептердің, №3 сөйлеу қабілеті бұзылған мектеп-интернаттың жоғары сынып оқушылары мен медициналық колледж студенттері қатысты. Екінші кезең биылғы оқу жылында №№1, 9, 16 мектептерде және Ш. Уәлиханов, Абай, Тайманов (Жұмыскердегі), Ломоносов (Балықшы) атындағы мектептерде жүргізіліп жатыр. 6 топ құрылып, оларда 140 жоғары сынып оқушысы дәріс алды. Қарашадан наурызға дейін 60 тренинг өткізілді.
Жоғары сынып оқушылары айтқандай, тренингтер көп пайдасын тигізеді және онда үйренген дағдылар шын мәнінде де өмірдегі түрлі жағдайлардан шығу жолдарын табуға көмектеседі. Көптеген оқушылар тренингте алған білімдерін қарапайым мектеп өмірінде қолданып жүргендерін мойындады.
Жобада тек оқушылар ғана емес, мектеп психологтары да көптеген нәрселер үйренді. Олар мұны «Үздік тренер» байқауы кезінде жақсы көрсете білді. Педагогтар оқытудың интерактивті әдістерін меңгергендерін, аудитория алдында сөйлеу мәнерлерін ортаға салды. Қорытындысында 1-орын №1 мектептің психологы Зейнеп ДОСҚАЛИЕВАҒА, екінші орын Ломоносов мектебінен Алтынай РАМАЗАНОВАҒА, үшінші орын Абай атындағы мектептен Салиха ҚОЖАЕВАҒА бұйырды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА