Қазақ күресі мен белдесе күресудің ережелері ұқсас. Біздің палуандар осыған байланысты «белдесу» жарыстарында жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, қазақ күресінен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрболат ЫСТЫБАЕВ (суретте) белдесу күресінен әлем чемпионатының 4 дүркін жүлдегері.
- Нұрболат, биыл қазақ күресінен қандай жетістіктер бар?
-Ақпан айының аяғында Ақтауда 1995-96 ж.т. жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ол жарыста шәкіртіміз Мұрат Дошахаев чемпион атанып, ҚР спорт шебері нормативін қорғады және күзде Канадада болатын әлем чемпионатында және Қытайда өтетін Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғауға жолдама алды.Аягөз қаласында 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Мұнда Бектұр Тынышқалиев күміс медаль ұтып алды. Астанада 1998-97 ж.т. жасөспірімдер арасында белдесе күресуден турнир болды. Ол жерде Мұхамбетәли Самиғоллаев жеңімпаз атанып, Махамбет Халидолла мен Нысанбай Орынбасаров қола жүлдеге қол жеткізді.
-Маусым айында қазақ күресінен дәстүрлі «Қазақстан Барысы» абсолюттік чемпионаты өтеді. Ережелер өзгерді ме?
-Ереже өзгерген жоқ. Тек жүлде қорын бөлу жүйесі өзгерді. Бас жүлде (150 мың доллар) мен «Қазақстан Барысы» алтын белдігімен бірге жеңімпазға берілетін қымбат шетелдік көлік енді көрерменнің көзайымы болған палуанға беріледі. Сонымен қатар, бұрын әр айналымдағы жеңіс үшін қатысушыларға 100 мың теңге берілсе, қазір бұл сома үш есе көбейтілді.
Биылдан бастап доллармен берілетін жүлдені тек жүлдегерлер ғана емес, мықты ондыққа кірген спортшылар да алады. Палуандардың рейтингі техникасына және жасаған әдіс-тәсілінің жылдамдығына қарай балдық жүйе бойынша жасалады. Қатысушылардың саны бұрынғыша 32 адам болып қалды.
2012 жылы біздің Кенжебек Күзембаев үздік бестіктің қатарына кірді. Ширек финалда ол «Қазақстан Барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаевпен күресті. Бейбіт Кенжебекпен белдеспестен бұрын мықты қарсыласқа кездеспей, барлық айқастарын мерзімінен бұрын аяқтаған еді. Біздің спортшы аяғына дейін күресіп, бас палуанға ұпай айырмашылығымен ғана есе жіберді.
2013 жылы осы турнирде облыс намысын Қайрат Өтеген мен Сұңғат Закарьяев қорғады. Қайрат бірінші белдесуінде-ақ «Барыс-2011» Ұлан Рысқұловпен кездесіп, ұтылып қалды. Сұңғат бірінші белдесуінде астаналық спортшыны жеңіп, екіншіде «Барыс-2013» Айбек Нұғымановтан жеңілді. Чемпион өзінің жарыс соңынан кейін берген сұхбатында осы біздің өкілдің шеберлігі туралы баса айтты. Сонымен қатар, Нұғымановтың салмағы 130 келі болса, Сұңғат 80 келі тартады.
- Облыстық «Барыс» іріктеу турнирі қашан өтеді?
- Мамырда. Ақтық турнирге берілетін екі жолдама үшін 80 келіден жоғары салмақта барлық күрес стилінің өкілдері кілемге шығады. Кеден қызметкері Бекболат Салықов өзін көрсетуі керек. Ол өткен жылы үшінші орын алып, «Қазақстан Барысына» бара алмай қалды. Закарьяев, Күзембаев, белдесе күресуден ел чемпионы Лұқпанов, қазақ күресінен жастар арасында әлем чемпионы Дастан Қарасаев жақсы спорттық бапта.
- Атыраулық ұлттық стильдегі палуандарды басқа қандай сынақтар күтіп тұр?
-Сәуірде Лисаковск қаласында 1999-2000 ж.т. жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Облыс құрамасының сапында Дулат Аманқосов, Ермек Амангелді, Қуанғали Нәсіпқали, Асланбек Төлеуұлы, Айбек Абдилов, Серікболсын Шынтасов, Әсет Хасанов, Аян Өмірбек және Исатай Абаев өнер көрсетеді.
Биыл қазақ күресінен Қазақстан чемпионатына бірінші рет әйелдер қатысады. Облыс намысын дзюдодан және самбодан Қазақстан чемпионы Қалжан Тайжанова қорғайды. Алға қарай біз қыздарға арналған қазақ күресінен секция ашатын боламыз.
- Наурызда қазақ күресінен дәстүрлі жарыс бола ма?
- Әрине, 21 наурызда Исатай-Махамбет алаңында сағат 10-да басталады. Бас жүлде – қой. Барлық қалаушылар түгел қатыса алады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ