Атырау, 30 қыркүйек 08:25
 ашықВ Атырау +26
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Спорт жаңалықтары

3 384 просмотра

Бүлдіршіндер сайысы

Дене тәрбиесін және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен «Атырау» ДСК-ндебалабақша тәрбиеленушілері арасында спорттық-зияткерлік эстафета өтті. 

Бүлдіршіндер ептіліктерін, жылдамдықтарын көрсетіп, ребустарды дұрыс шешу және 1-сынып бағдарламасының математикалық есептерін шығарудан сайысты. Қорытындысында 1-орынды Мақат ауданының командасы алса, 2-орынды Қызылқоға, 3-орынды Атырау қаласының №48 «Родничок» балабақшасы иеленді.

***

 

 

Отбасылық жүлделер

Ақмола облысының Шу қаласында әйелдер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті.

Жарысқа 88 спортшы қыз қатысты. Жеңімпаздар Оңтүстік Кореяда өтетін әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрама сапына қосылды. 

54 келіге дейін салмақта екі боксшы қызымыз – Таңбике Жолдасова мен Алмагүл Шариева өнер көрсетті. Екеуі де өздерінің алғашқы айқастарында ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. 60 келіге дейін салмақта бұрынғы ақтөбелік, қазір Атырау намысын қорғап жүрген Гүлжайна Үббіниязова чемпион атанды. Ол «мұнайлы астанаға» екі ай бұрын келген. Айта кетейік, Гүлжайна боксшылар отбасынан шыққан, оны ағасы Талғат жаттықтырады. Гүлжайнаның бауыры ақтөбелік Азиза осы чемпионатқа 69 келіге дейін салмақта қатысып, қола жүлдегер атанды.

81 келіге дейін салмақта Ақерке Бақытжан Атырау құрамасының қоржынына қола медаль салды.

***

 

Есе қайтты, алайда...

«Атырау Барыстары» баскетбол командасы Қазақстан Кубогында үшінші орынға шықты.

Бірінші ойында «Барыстар» «Астана Жолбарыстарын» 91:48 есебімен ұтты, алайда бұдан кейін ақтаулық «Каспий» мен «Астанадан» жеңілді. 3-орын үшін таласқа түскен ойында атыраулық баскетболшылар «Каспийден» есе қайтарды – 87:72. Ал Кубокты финалда «Қапшағайды» ұтқан «Астана» иеленді.

***

 

Жүлде алаң иелерінде қалды

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қолдауымен 3-БЖСМ-де волейболдан облыстық біріншілік өтті.

Жарысқа 6 аудан командасы мен алаң иелерінің командасы қатысты. Қорытындысында 3-БЖСМ облыс чемпионы атанса, 2-орынды Жылыой ауданы, 3-орынды Құрманғазы ауданының командасы алды. Халидолла Хабиров (3-БЖСМ) турнирдің үздік шабуылшысы, Айбек Нұрымов (Махамбет ауданы) үздік қорғаушы атағын иемденді.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Бассейндегі дойбы додасы

Орталық жүзу бассейнінің холында дойбы-24 (орыс нұсқасы) бойынша облыс біріншілігі өтті.

Жарыстар «классика» (әр ойыншыға бір партияға 20 минут беріледі) және «блиц» (5 мин) санаттары бойынша өтті.

«Классикада» жүлделі орындар келесідей бөлінді (1-орыннан 3-орынға дейін сәйкесінше): ерлер арасында – Берік Молдашев (кәсіпкер, 65 жаста), Бекжан Қабиев (Құрманғазы ауданы, дене тәрбиесі мұғалімі, 44 жаста),Талғат Айтжанов (АМжГИ студенті, 19 жаста); 23 жасқа дейінгі ерлер арасында – Т. Айтжанов, Айбек Мақсот (АМжГИ студенті, 19 жаста), Мұрагер Абылқалықов (Махамбет ауданы, Таңдай ауылы, 16 жаста); әйелдер арасында – Әйгерім Қазиева (1-БЖСМ жаттықтырушысы), Бибігүл Жақыпова (соқырлар қоғамы, тігін),Гүлжан Бағытжанова (Құрманғазы ауданы, мұғалім); 23 жасқа дейінгі әйелдер арасындаНадира Аманова (АМжГИ студенті), Дания Қанатова (Жас натуралистер станциясының оқытушысы), Бақтыгүл Шілкенова (Тасқала ауылындағы И. Тайманов мектебінің оқушысы). «Блицте» ерлер арасында – Б. Молдашев, әйелдер арасында Ақжарқын Өсербаева (Индер ауданы, Бөдене селосы, 18 жаста).

***

 

Зияткерлік мектеп

№33 мектепте тоғызқұмалақтан турнир өтті.

Жарысқа 8, 10, 12, 14 жас ерекшелік топтарында осы  мектептің 52 оқушысы қатысты. Жеңімпаздар: 8 жас - Дархан Бағыт, 10 жас - Асанәлі Төлешев, 12 жас - Мейірбек Сәттіғұл, 14 жас - Равиль Төлешев. Р. Төлешевтің өз жас ерекшелік тобында балалар арасында қала және облыс чемпионы екенін атап өткеніміз жөн. №33 мектептің тоғызқұмалақ үйірмесін Жанна Мүрсалимова жүргізеді. 

***

 

Мерси, Баку

Мұнай және газ институтының студенті Әсел СЕРІКОВА Кувейтте өткен WKF-каратеден І клубтық Азия чемпионатында күміс медаль иеленді.

«Қайсар» дәстүрлі карате және муай-тай клубы хабарлағандай, клуб шәкірті Әсел чемпионат алдында ұлттық құраманың сапында Әзірбайжанның Баку қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан. Осындай күрделі жаттығулар текке кеткен жоқ. Әсел екі айқаста жеңіске жетіп, финалда ғана ұтылып қалды. Қазір ол Германия мен Кореяда өтетін әлем чемпионаты мен Азия ойындарына іріктеу турнирі болып табылатын ҚР чемпионатына дайындалуда.

***

 

 

 

Ақтөбедегі жетістік

«Қайсар» клубы және 2-БЖСМ шәкірттері Ақтөбеде өткен WKF-каратеден Әшім Қалиды еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысты. 

Нұрсұлтан Жүсіпәлі(14-15 жас, 70 келіден жоғары) алтын алса, күміске Бейбарыс Жаңбыр (12-13 жас, 40 келіге дейін), Алмир Исатаев (16-17 жас, 76 келіден жоғары) және Марат Жаңбыр (ересектер, абсолюттік салмақ) ие болды. Нұрсұлтан Қалиев (10-11 жас, 30 келіге дейін),  Тимур Досалиев (14-15 жас, 63 жас) және Асылхан Айсағалиев (17-18 жас, 55 келіге дейін) қолаға қол жеткізді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

19 наурыз 2014, 21:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.