16 наурызда таңертең «Амангелді» балық аулау кооперативінің катері Жайық өзенінің мұзын жарған еді. Сол күні кеште ескі базар маңында атыраулық тұрғын құпия түрде өлім құшты.
17 наурызда ТЖ департаментіне алдыңғы күні кешкісін 27 жастағы ер адамның «балық аулауға» шығып, үйіне оралмағандығы туралы арыз түсті. Үйіндегі адамдар Жайықтың оң жақ жағалауындағы ол адамның ау құрған жерін көрсетіпті. Сол жерде, жағалауда қолдан жасалған қайық бар екен. Құтқарушылар зәкір лақтырып, ауды шығарып алған. Одан іздеген адамдарының мүрдесі шығыпты. Бұл оқиғаны тергеумен полиция айналысуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ