18 наурызда Атырау облысында секундына 25 метр және одан да жоғары жылдамдықта болатын ұйытқып соққан күшті жел үй шатырларын жұлып әкетіп, электр тарату желілерін үзіп тастады. Бұл күні 65 оқиға тіркелді.
Бүгін, 19 наурызда, «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында осыған қатысты брифинг өткізілді. Атырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ 39 нысанның шатыры жұлынып кеткенін хабарлады. Соның ішінде 15 әлеуметтік нысан (тоғызы Атырауда және алтауы аудандарда) мен 24 тұрғын үй (12-сі Атырауда, 12-сі аудандарда) зардап шекті. Атап айтқанда, Атырау халықаралық әуежайы ғимаратының, Смағұлов атындағы орта мектептің (Томарлы ауылы), Мұз сарайы, №19 орта мектептің, №9 тергеу изоляторының, әйелдердің түзету колониясының, №66 түзету колониясының шатырлары құлап түсті. «Жұлдыз» ықшамауданында балабақшаның жылу қазандығының шатыры түгелдей жұлынып қалды. «Алмагүл» ықшамауданында жылу қосынының шатыры ұшып кетіп, 6 көліктің үстіне түскен.
Авангардта бес қабатты үйдің жалғамасы шатырсыз қалды. Ол жерде банктердің бірінің кеңсесі орналасқан болатын. Говоров көшесінің бойындағы құрылыс фирмасының кеңсесіне қатысты да осындай жағдай орын алды. Ол жерде тұраққа қойылған үш көлік пен шағын автобусқа зиян келтірілді.
Абырой болғанда құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Желдің салдарынан сондай-ақ, энергетика жүйесіне де нұқсан келді. Облыс орталығының өзіндегі үзілген жерлер мен апатты жағдайларды жоюға 17 бригада жұмылдырылды. Электрмен қамтуға қатысты Атырау қаласының 2 ықшамауданында, қала маңындағы 7 поселке мен аудандардағы 6 ауылда іркілістер орын алды.
- Облыс халқы 17 наурыз күні кешкісін sms хабарламалар арқылы дауыл болатындығы туралы ескертулер алды. Атырау облысы гарнизонының бүкіл жеке құрамы дабыл бойынша жұмылдырылып, төтенше жағдайды жою жөнінде облыстық және аудандық штабтар құрылды, - деп хабарлады Атырау облыстық ТЖ жөніндегі департамент басшысы Болатбек ОМАРОВ. - Жалпы залалды жоюға жеке құрамдағы 326 адам мен 81 бірлік техника жұмылдырылды. Ахуал ТЖД жанындағы жедел штабтың бақылауында.
Б.Омаровтың айтуынша, арнайы комиссия шатырлардың әлсіздігінің себептері мен тигізілген зиян мөлшерін анықтайтын болады. Зардап шеккен көлікке келер болсақ, бұл сақтандыру компаниясының еншісіндегі мәселе.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қалада да, аудандарда да жалғасуда.
- Ауа-райы әлі де қолайсыз болып отыр. Солтүстік-батыстан ұйытқып соққан күшті жел бүгін әлсіздеу, бірақ облыс бойынша дауылдық ескерту күшінде қалады, - деді «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының метеоболжам бөлімінің бастығы Күләнда МЫРЗАШЕВА. – Температура төмендеп, кей жерлерде жауын-шашын болады деп күтілуде. Мұндай тұрақсыз ауа-райы 21 наурызға дейін сақталады.
ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі Атырау облысы аумағындағы екінші күнгі күшті желдің зардабы туралы хабарлады.
Хабарламада 19 наурыз күні жылдамдығы секундына 17-22 метрге жеткен желдің салдарынан 22 нысанның шатыры ұшып кеткендігі, олардың ішінде 12-сі Атырау қаласында орналасқандығы айтылған.
Облыс орталығының қала маңындағы үш поселкеде электрмен қамтудан іркілістер орын алған болатын. Құрманғазы ауданында электр тарату желісінің 6 бағаны құлап қалған. Төтенше жағдайларды жоюға жеке құрамның 42 мүшесі және облыстың ТЖ департаментіне қарасты 6 техника, жергілікті әкімдіктердің шұғыл әрекет ету отрядының 90 мүшесі мен 40 техника жұмылдырылған. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ