– Мектепке дейінгі мекемемен жасалған келісімшарт бойынша біз баланы балабақшадан сағат 18.00-ге дейін алуға тиіспіз. Бірақ менің жұмыс уақытым сағат 18.00-де аяқталатын болғандықтан, үнемі тәрбиешілерден сөз естимін де жүремін. Келесіде кешіксем, олар баланы күзетшімен бірге далаға қалдырып кететінін айтады. Жолдағы кептелістерді ескерсек, мен 25-30 минут кешігіп барамын. Неліктен қалалық білім бөлімі жұмыс уақытының сол мезгілде аяқталатынын ескермейді?
Телефон арқылы
Сұраққа қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлімінің бас маманы Светлана КӨШЕНОВА жауап берді:
– Атыраудағы бүкіл мемлекеттік балабақша бір тәртіппен жұмыс істейді және жұмыс кестесін өздігінен өзгертуге құқығы жоқ. Бұл кестені мемлекеттік балабақша құрылтайшылары бекіткен. Олар ҚР Еңбек кодексінің негізінде облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім беру бөлімі болып табылады. Мұндай жұмыс кестесі еліміздің бүкіл өңірінде қолданылады. Тәрбиешілерді бекітілген нормативтен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлеу заңнаманы бұзу болып табылады.