Таяуда хабарланғандай, 16 наурыз күні Қарағанды қаласының маңында бір топ адамдар КСРО-ны сақтап қалу жөніндегі референдумның өткеніне 23 жыл толуына орай митинг өткізді.
Суретте олардың бірі «КСРО-ны сақтап қалу жөніндегі кеңес халқының қалауын орындауды талап етеміз» деген ұран жазылған қызыл жалау ұстап тұр. Коммунистер белсендісі Александр БОНДАРЕНКО митингіде былай деп мәлімдеме жасады: «КСРО-ны тарату жөніндегі барлық шаралар заңсыз. Іс жүзінде Кеңес Одағы бүгінде жоқ, бірақ заң жүзінде ол әлі де бар».
Осыған байланысты біз ҚКХП-ның Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВТЕН жағдайды түсіндіруді сұрадық. Ол бұл туралы хабарсыз болып шықты, бірақ сол бойда Қарағанды облыстық комитетінің бірінші хатшысы Александр ЗЕВАКИНГЕ қоңырау шалып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Белгілі болғаны, Бондаренко ҚКХП-нан емес, «жәй ғана» Қазақстан коммунистік партиясынан екен.
- Бұл кісінің жайын жалғыз біз емес, бүкіл Қарағанды халқы да жақсы біледі, ол адекватты емес адам. Жанына үш-төрт кемпірді жинап алады да, митинг өткізген болып шығады. Әрине, біз оның пікірін қолдамаймыз, біздің партияның өзінің берік ұстанымы бар, - дейді телефонның ар жағынан Зевакин. Дәулетқазиев те оның сөзін қостап қойды:
- Біздің партия еліміздің бірлігі мен тыныштығын қалайды. Біз арандатуды емес, еліміздің жағдайын ойлауға тиіспіз. Біз Кеңес Одағын аңсамаймыз, тәуелсіз Қазақстан үшін еңбек етеміз.
Қазақстан Коммунистік партиясының Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Нұржан НАУРЫЗОВ та Бондаренконың ұстанымымен келіспейтінін айтты:
- Біз тәуелсіз Қазақстанда өмір сүреміз, біздің партияның бағдарламасында КСРО-ны қайта құру туралы сөз жоқ. Біздің бастамаларымыз халықтың бірлігін сақтап қалу, жұмыссыздықты жою және әлеуметтік кепілдіктермен байланысты.
Ғазиз АЛДАМЖАРОВ.Ал ҚКП-ның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ғазиз АЛДАМЖАРОВ телефон арқылы Александр Бондаренконың олардың партия қатарынан осыдан бірнеше жыл бұрын шығып кеткенін хабарлады (интернетте Бондаренконың Қарағанды облыстық комитетінің әлдебір «Кеңес Одағының қайта қалпына келтірілген коммунистік партиясының хатшысы» екендігі жазылған ақпарат табылды – А.С.).
- Бондаренконың біздің партияға еш қатысы жоқ, және біз мұндай шараларды қолдамаймыз, - деді Алдамжаров.
Айнұр САПАРОВА