«Атырау» ӘКК басқарма төрағасы Абат ТАСЫМОВТЫҢ есептеуінше, сәуір айының аяғына дейін тұрақтандыру қорындағы жуадан басқа барлық өнім облыс тұрғындарына сатылып бітпек.
Күзде тұрақтандыру қоры диханшылардан 5 247 тонна өнім сатып алды: 3 197,4 тонна картоп, 1 454,5 тонна жуа, 317,3 тонна сәбіз, 30,6 тонна қызылша және 257,2 тонна орамжапырақ. Барлық көкөністер қыс бойы 119 сауда нүктесінде «тұрақтандыру қоры өнімдері» деп жазылған сөрелерде белгіленген баға бойынша сатылды. 10 ақпанда облыстық бағаны тұрақтандыру бойынша комиссияның шешімімен картоп (65 теңгеден81 теңгеге дейін) пен жуаның (55-тен 70-ке) бағасы көтерілді. Сәбіздің, қызылша мен орамжапырақтың бағасы сол күйінде қалды.
Қыста Ардагер ықшамауданындағы көкөніс қоймасында сақталып тұрған қорда 955,4 тонна картоп, 1 115 тонна жуа, 192,7 тонна сәбіз, бес тонна қызылша мен 156,2 тонна орамжапырақ қалыпты. Экономистердің есептеуінше, бұлардың барлығы сәуірдің аяғына дейін сатылып бітпек. Тек тоғыз центнер жуа қалады. Алайда, «Атырау» ӘКК және «Феликс» ШҚ (Енисей ЮН) арасындағы фьючерлік шартқа сәйкес, қалдық қалған жағдайда жеткізуші оны қайтып алып, келесі күздегі жаңа егін орағынан осы көлемді кері қайтаруы қажет. Шаруа бұл жуаны алатын адамды тауып та қойыпты.
А. Тасымовтың айтуынша, тұрақтандыру қорында сақталған өнімнің сапасыздығына шағымдану көп болған өткен жылға қарағанда биыл еш ескерту болған жоқ. Бұл, ең алдымен, картоптан басқа барлық көкөністердің жергілікті дихандардың егіс даласынан тікелей алынуының арқасы. Күзде жергілікті шаруалардан 415 тонна картоп сатып алынды, ал қалған көлем Павлодардан жеткізілді.
«Тұрақтандыру» етіне келетін болсақ, «Атырау» ӘКК әр келісіне 950 теңгеден 20 тонна ет үшін «Құрманғазы» сервистік-дайындау орталығына алдын ала төлем жасап қойды. Алайда, сауда нүктелеріне ет әкелу арқылы бағаны тұрақтандыру тек жаңа жыл қарсаңында ғана жүзеге асырылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ