«18 наурызда тартып алынған автотехниканың 30 бiрлiгi «Оңшыл сектордың» өкiлдерiмен Чернигов қаласының орталық алаңына жеткiзiлдi. Қалған 13 көлiктiң тағдыры да белгiлi болды, олар қаланың ақылы автотұрақтарының бiрiнде қорғаушылардың қарауында екен. Көлiк иелерi болып табылатын "КамАЗ" сауда компаниясының өкiлдерiн қарулы адамдар кiргiзбеуде. "Оңшыл сектор" өкiлдерiнiң хабарлауынша, көлiктердiң құжаттары дұрыс рәсiмделмегендiктен, Украинадан заңсыз түрде мүлiктердi шығармау мақсатында "КамАЗ" техникалары тартып алынған. Негiзiнен астық тасуға арналған техниканы Украинаның Қарулы Күштерiнiң игiлiгiне беру көзделген", - деп жазады компанияның баспасөз қызметi.
Айта кетейiк, 16 наурызда көлiктер қарулы адамдармен тартып алынған кезде "КамАЗ" сауда компаниясы украин заңнамасына сәйкес келетiн барлық құжаттарды ұсынған. Оқиға орнына келген құқыққорғаушылар да оны растаған. Олар "Оңшыл сектор" және халықтық қорғаныс өкiлдерiне бұл жүк көлiктерi заңды түрде тасымалданып жатқандығын да айтқан. Дегенмен олар бұл уәжге көнген жоқ.
Компанияның мәлiм еткенiндей, Украина БАҚ беттерiнде жарияланған "Оңшыл сектор" өкiлдерiне "КамАЗ" компаниясы ақша ұсынды деген ақпарат жалған болып табылады.
"Бүгiн бұл мәселеге Чернигов облыстық кеңесiнiң басшысы Николай Зверев араласты. Ол арнайы комиссия құруды тапсырды, оның құрамына құқық қорғау, салық, кеден қызметтерi, қоғамдық ұйымдар мен "КамАЗ" компаниясының өкiлдерi енбек. Аталған комиссия барлық құжаттарды саралап, Украина заңнамасына сәйкес, жүк көлiктердiң алдағы тағдырын шешетiн болады", - делiнген хабарламада.
Дереккөз: ҚазАқпарат