Балабақша баланы тәрбиелейтін орын дегенімізбен, бүгінгі қоғамның талаптарына жауап бере алатындай болса әңгіме басқа. Оның үстіне қаламызда балабақша жетіспеушілігінен кезекте тұрғандар қаншама? Бұл көптеген ата-аналар мен қатар, білім саласы мекемелерінің бас ауруы.
Ал бұл ахуал ауылда қалай екен? Соны білмекке біз ат басын «Тасқала» селолық балалар бақшасына тіреген едік.
Бала қабылдау мүмкіндігі 80 орындық бұл балабақшаның іргетасы 1984 жылы қаланған. Ғимарат жыл сайын жөндеуден өтіп, жаңа стандарттық білім беру жүйесіне сай компьютерлермен жабдықталған. Балабақша меңгерушісі Лиза ЖҰМАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, мұнда 26 қызметкер, 7 жоғары білімді педагог еңбек етеді. Барлығы 125 бала тәрбиеленуде. Олардың 25-і алдымыздағы оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Балабақша балалары қала бойынша білім байқауларынан түрлі жетістіктерге жетіп, дипломмен марапатталды. Тәрбиеленуші балалар шетінен өнерлі екен. Бүлдіршіндер жуырда республикалық «Айгөлек» байқауына жүргелі отыр.
Ата-аналар комитетінің төрайымы Алнұр Құрманғалиевамен тілдескенімізде, ол ата-аналар атынан балабақша жұмысына наразылық білдірген ешқандай арыз-шағым жоқтығын, балалары үшін жиі бас қосып, түрлі шаралар өткізуге ата-аналардың бір кісідей атсалысатындарын айтты. Мұның нәтижесі сол – балалар ерекше өнерлерімен көзге түсіп, енді талаптарын республикалық деңгейде сынағалы отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ-дың журналистика мамандығының 2-курс студенті