Мақат ауданының әкімі Ерболат УМАРОВТЫҢ бұйрығымен заңбұзушылықтарға жол берген қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Иса СЕРАЛИЕВ пен Доссор поселкесінің әкімі Есенжан ТӨЛЕШҚАЛИЕВ лауазымдарынан босатылды.
Бұған аудан прокуратурасының аудан әкімдігіндегі жер заңнамасының сақталуы бойынша жүргізген тексеруі себеп болды. Тексерушілер заңның бұзылып отырғанын анықтады, соның ішінде жеке тұлғаларға жер телімдерін заңсыз берілгендігі белгілі болып отыр.
Мақат ауданының прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИННІҢ айтуынша, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысыазаматтар тарапынан берілген тиісті арыз-өтініштерінің болмауына қарамастан, жер телімдерінің 25 таңдау актісін дайындаған, одан кейін оларға Доссор поселкесінің әкімі мөртаңба қойған.
Прокуратура анықталған барлық заңбұзушылықтар бойынша әрекет ету актілерін енгізді, осыған байланысты қос шенеунік жұмыстарынан босатылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА