Зияткерлер додасы
Инженерлік-гуманитарлық институтта шахматтан дәстүрлі ІІІ облыстық турнир өтті.
Жарыстың бас төрешісі, облыстық шахмат федерация-сының вице-президенті Сабырбай ГАЙСИННІҢ айтуынша, турнирге 50-ден аса зияткерлік ойынның әуесқойы қатысқан.
Абсолюттік біріншілікте 1-орынды кезінде жастар арасында Азияның вице-чемпионы болған, қазір 1-БЖСМ жаттықтырушысы Жәнібек Аманов, 2-орынды атақты қарсыластарына дес бермеген Құрманғазы ауданының 11-сынып оқушысы Батыржан Абдрахманов, 3-орынды Қ. Сәтпаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Шыңғыс Боран иемденді. Турнирдің үздік ойыншылары:
Ардагерлер арасында – Ахмеджан Иманғалиев, әйелдер арасында – Әйгерім Қазиева, үлкен жасөспірімдер арасында – Әсет Төлегенов (№27 мектеп), орта жасөспірімдер арасында – Бейбарыс Өтепов (Құрманғазы ауданы), кіші жасөспірімдер арасында – Нұрәділ Жамбыл, қыздар арасында – Жұлдыз Елеусін. Инженерлік-гуманитарлық институт командасы арасынан студенттер Аралбек Махмутов пен Айбек Мақсот жақсы өнер көрсетті.
***
Оралдан келген жүлделер
Оралда ММА-дан (аралас айқас) «Батыс Қазақстан Кубогы» өтті.
Жарыстарға Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан 96 спортшы қатысты.Облыс құрамасының қоржынында 2 алтын,4 күміс және 4 қола жүлде бар. Айбек Бөлекбаев (77 келіге дейін) және Мирас Шынтасов (84 келіге дейін) жеңімпаз атанса, Исатай Теміров, Аманбек Шершеналиев, Мирас Шапхатов және Шыңғыс Жайсақ күміс иеленді, қола жүлде Жасұлан Хасимов, Самат Жағапаров, Жақсылық Кереев және Мерей Каштенбайдың еншісінде.
Спортшыларды жаттықтыру-шылар Б.Берғали, А.Есенғалиев, А.Үмбетов, А.Дидаров, Е.Сағидолла және ММА федерациясы филиалының директоры А.Кенжеқорұлы дайындады. Cпортшылар мен жаттықтырушылар туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына жарысқа бару жолсапарларын қаржыландырғаны үшін алғыс айтады.
***
9 жасар чемпион
Астанада кекушинкай карате-до ІКО-1 нұсқасы бойынша ТМД кубогы өтті.
Татамиға Ресей, Қазақстан және Қырғыз елінен барлығы 400 спортшы жиналды. Облыстық кекушинкай федерациясынан барған 6 шәкірттің ішінен 9 жасар Дамир Жарекесов сәтті өнер көрсетті. Ол төрт айқаста мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.
***
Жақсы өнер көрсетті
Таразда WKC-каратеден балалар, кадеттер, ересектер және ардагерлер арасында ел чемпионаты өтті.
Турнирге 300-ден аса спортшы қатысты. Жарыстар жеке және командалық ката және кумите түрінде өтті. Атырау қаласының намысын облыстық карате-до шотокан федерациясының («Жолбарыс» СК) шәкірттері қорғады. Нәтижелер төменде:
Алтын: 10-11 жас, жеке кумите – Бекзат Сайынов, 12-13 жас, жеке кумите –Әли Хайролла, 14-15 жас, жеке кумите – Марал Қосаева, 16-17 жас, командалық ката – Нұрсұлтан Шабаев, Всеволод Альферов және Ринат Жарылғасынов.
Күміс: 8-9 жас, жеке кумите – Ахан Кужиев, 10-11 жас, жеке кумите - Аңсаған Жұмабаева, 10-11 жас, жеке кумите - Әлкей Шапхатов, 12-13 жас, жеке кумите –Мұхаммедәли Түгелбаев.
Қола: 12-13 жас, жеке кумите - Татьяна Серебрякова, 12-13 жас, жеке кумите және командалық ката - Тұрлан Бисенов, 14-15 жас, жеке кумите -Ақжан Қапанова, ересектер, жеке кумите және командалық ката - Аманғали Өтебалиев.
Федерация басшылығы туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына, федерацияның ата-аналар комитетіне, №1 мектеп директорына бұқаралық спорттың дамуына үлес қосқандары үшін алғыс айтады.
***
«Мұнайшы» жөндеуге жабылады
15 наурызда басталатын 2014 жылғы футболдан ел чемпионатының бірінші турында «Атырау» командасы Алматының «Қайратына» қонаққа барады, ал екінші турда өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдайды.
«Атырау» ФК баспасөз хатшысы Нұркен МЫРЗАҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «Атыраудың» өз алаңында өткізетін алғашқы ойынына кіру тегін болады. Алайда осы матчтан кейін «Мұнайшы» стадионы жөндеуге жабылады және келесі бірнеше ойындарын командамыз небары 500 көрермен орны бар «Судоремонтник» стадионында («Мұнайшыда» 8 мың орын) өткізуге мәжбүр болмақ.
- Қазір стадион басшылығы тендерлік құжаттамаларды дайындау үстінде. Егер бұл үдеріс ұзаққа созылатын болса, 5 сәуірде «Ақтөбе» командасымен болатын 4-тур ойынын «Мұнайшыда» өткізуге үлгереміз, - дейді Н. Мырзағалиев.– Стадионның көгалы ауыстырылады, әжетханалар салынады және т.б. көптеген жаңарулар болады. Жөндеу жұмыстарына, кем дегенде, екі ай керек екен. Осылайша, команда өзінің туған «Мұнайшысына» тек маусымда ғана орала алады.
***
Палуандар турнирі
Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында 2000-02 ж.т. жасөспірімдер арасында еркін күрестен Имансейіт Сейітбатырды еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Өзбекстаннан және Қазақстанның барлық облыстарынан600-ден аса жас палуан жиналды. Атыраудан 1-БЖСМ және 3-БЖСМ-ден екі команда қатысты. Жарыс қорытындысында тек 1-БЖСМ шәкірттері ғана жүлделі болды.
36 келіге дейін салмақта күмісті Айдос Қизатов иемденді. Ол 6 жеңісті белдесу өткізіп, ақтық айқаста кілем иесі өкілінен ұтылып қалды. 56 келіден жоғары салмақта Абай Лұқпанұлы қолаға қол жеткізді.
Еркін күрес жанкүйерлеріне тағы бір жағымды жаңалық: Қарағандыда өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 120 келіге дейінгі салмақта атыраулық палуанДанияр Айсекенов қола жүлдегер атанды.
Спортшылар мен жаттықтырушылар облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Асан Раушановқа, еркін күрес федерациясының президенті Асқар Құловқа, «БЖСМ-1» директоры Бимырза Тайжановқа және «Атырау» ДСК директоры Жалғас Өтебалиевке қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтады.
***
Самурайлық рух
Испаниядағы Барселонада карате-до кекушинкай (IKO-1 нұсқасы) бойынша өткен ашық чемпионатта облыстық «Намыс» карате-до кекушинкай федерациясының тәрбиеленушілері үздік өнер көрсетті.
Чемпионатта қожайындардан басқа 17 елдің спортшылары қатысты. 70 келіге дейінгі салмақта ерлер арасындағы алтынды Андрей Котов иеленді. 70 келіге дейінгі салмақта 16-17 жастағы топта Александр Грузинцев чемпион атанды. Ол, сонымен қатар, «Самурайлық рухы үшін» жүлдесін иеленді.
Финалда Ресей өкілінен ұтылған Диар Жаниязов күміс алқа тақты. Альфия Даирова үш ауыр жекпе-жек өткізді. Жартылай финалда сайыс қожайынынан жеңіліс тауып, қола алқаға қол жеткізді.
***
Жеңімпаздарға - марапат
Өткен аптада облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасында 2013 жылы және 2014 жылғы қаңтар-ақпан айларында жетістікке жеткен спортшыларды ұлықтау рәсімі өтті.
Басқарма басшысы Асан РАУШАНОВ құттықтау сөз сөйледі. Ол өткен жыл мен осы жылдың басы жүлделерге толы болғанын атап өтіп, көзге түскен спортшыларға Samsung-Galaxy-Tab3 14 планшеттерін тарту етті. Бұлар:
Дзюдодан ҚР чемпиондары Дәурен Болатбекұлы, Парасат Жұмабай, Назгүл Құбашева, Райымбек Ашықбаев, Табиғат Мағауия, Әнел Сүлейменова, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері Эльмира Самиғоллаева, қазақ күресінен ҚР чемпионы Мұрат Дошақаев, грек-рим күресінен ҚР чемпионы Евгений Поливадов, әйелдер боксынан әлем чемпионатының жүлдегері Ақмарал Шамшиденова, мәнерлеп сырғанаудан ҚР чемпионатының жүлдегері Зарина Айтбай, муай-тайдан әлем чемпионатының жүлдегері Ищан Ғалиев, муай-тайдан әлем және Еуропа чемпионы Дидар Болатов, муай-тайдан Еуропа чемпионы Еламан Саясатов.
А.Раушанов хабарлағандай, жаттықтырушылық саласында жеткен жетістіктері үшін дзюдодан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Талап Мұқанов ҚР Дзюдо федерациясының «Дзюдо тарланы» құрмет медалімен марапатталды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ