Жастар ресурстары орталығының жанынан қызмет көрсету саласында мамандыққа ие болуды қалайтындарға арналған тегін оқыту курстары ашылды.
– Мұның алдында біз қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждерді араладық, Жұмыспен қамту орталығына хабарластық, БАҚ арқылы хабарландырулар бердік. Нәтижесінде үш кезеңмен (оқыту курсы бір айға созылады) 75 адамды бүгінде үлкен сұранысқа ие даяшы, сатушы, қонақ үй бизнесінің қызметкері сияқты мамандықтарға дайындаймыз, – дейді жастар ресурстары орталығының директоры Жасұлан БИСЕМБИЕВ.
Жобаның үйлестірушісі – Ержан НҰРШАНОВ. Курстың алғашқы аптасында тыңдаушылар қызмет көрсету саласындағы жалпы ережелермен танысады, содан кейін ғана ұсынылған үш бағыттың біреуін таңдауы керек. Теориялық, сондай-ақ, кәсіпорындарға барып тәжірибелік сабақтар жүргізу қарастырылған. Тренинг компаниясының нұсқаушыларымен қатар Guns&Roses пабы, «Атаба» супермаркеттер желісі, «Атырау» қонақ үйінің тәжірибелі қызметкерлері дәріс береді.
Ең алғашқы кезеңде жастар рекрутингтік агенттіктің өкілімен әңгімелесті. Ол тыңдаушыларға түйіндемені қалай жазатынын, жұмыс беруші алдында өзін қалай көрсету керектігін үйретті.
Тамара СУХОМЛИНОВА