Исатай ауданына қарасты Тұщықұдық ауылындағы жаңа мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілгеніне бес жыл толмай жатып, төбесінің бір бөлігі опырылып түскен.
1967 жылы салынған 350 орындық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге 2009 жылы жергілікті бюджеттен 30 млн теңге бөлінген болатын.
Жұмыс мердігері - «Аманда-Сервис» ЖШС (директоры Артем БЕКҚАЛИЕВ) еді. Құрылысшылар ескі ағаш терезелерді пластиктен жасалған терезелерге ауыстырып, төбесін жауып, линолеум төсеп, есіктерін жаңартып, қабырғаларын әктеді, бірақ төбесіне дейін жеткен жоқ.
- 2013 жылдың қыркүйегінде кіші залдың төбесі құлады. Қайта ол кезде залда ешкім болған жоқ, - дейді мәдениет үйінің директоры Нұрбек ЖАҒЫПАР.
Ғимараттың үлкен залы салқын әрі сыз тартып тұр. Бүгінде мұнда шаралар өткізуге тыйым салынған. Ал мәдениет үйінің қызметкерлері жергілікті халықтың көңілін көтеретін әр түрлі мәдени іс-шаралар өткізетін бөлек ғимаратты аңсаумен келеді. Себебі, мектептердің мәжіліс залдары үнемі бос бола бермейді.
- Қазір мәдениет үйінің үлкен залының төбесінен де қауіптеніп отырмыз. Сондықтан біз онда шара өткізуге тыйым салдық, - дейді Исатай ауданының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ.- Осыған байланысты тәуелсіз сарапшылар мәдениет үйінің күрделі жөндеуге жарамдылығын тексеруді қолға алмақ. Олардың жасаған қорытындысы бойынша, егер ғимарат жөндеуге келмейтін болса, онда ол күреледі де, орнына жаңасын тұрғызу туралы шешім қабылданады. Сондықтан дәл қазір мен алдын ала ештеңе кесіп айта алмаймын...
- Тұщықұдық ауылдық округінің әкімдігі мәдениет үйін күрделі жөндеуге биыл облыс бюджетінен 100 млн (!) теңге бөлінді деп отыр…
- Бөлінгені рас, бірақ сарапшылар мен комиссияның қандай қорытынды жасары белгісіз. Мүмкін күрделі жөндеуге деп бөлінген қаржы кері кетер. Бастысы, асығыстық жасамауымыз керек.
Иә, асықпағаныңыз жөн, қаражат қазынаға тиесілі ғой.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА