– Біз ТБС кабельдік телеарнасының абоненттеріміз. Міне, бір ай, бір жарым ай болды арнаны, әсіресе, ресейлік арнаны үзіп тастай береді. Одан басқа көретіндей ештеңе жоқ. Компанияға қоңырау шаламыз, ондағылар жауап бермейді, басшылықпен сөйлесіңдер дейді, ал оларды ұстау мүмкін емес. Бізге осы жайттың мән-жайын анықтауға көмектесіңіздерші. Біз ақысын уақытылы төлейміз, кейде тіпті, бір ай бұрын төлеп отырамыз.
Телефон арқылы
Бізге ТБС кабельдік телеарнасының бас инжерені Константин ГЕРАЩЕНКОМЕН байланысу сәті түсті. Ол былай деді: «Иә, шынында да соңғы кездері арнаның үзіліп кетіп, көрсетпей қалу фактілері орын алды. Біріншіден, бізге кәртішкелерді жаңа нұсқаға ауыстыру жұмысын жүзеге асыруға тура келді. Оны осы өткен аптада-ақ аяқтадық. Екіншіден, орталық стансада да кейбір құрал-жабдықтарды ауыстыру жұмыстары орын алды. Барлық жұмыстар да сәтті аяқталды. Біз өзіміздің абоненттерімізге ризамыз, олардың бізге түсіністікпен қарайтындығына сенімдіміз. Алдағы уақытта ондай үзіліп кету секілді ақаулардың барынша аз болуына тырысатын боламыз».