Атырау, 26 қараша 20:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«101» қызметінің ханшайымы

4 385 просмотра

Телефондар, экрандар және басқа да техникалық құралдар қойылған шағын бөлмеде ол – ханшайым. Кең жайылған ұзын шашы, қарақаттай мөлдіреген көздері, тіпті әскери түсті қызметтік киімі оның нәзіктігі мен әдемілігін еш жасыра алмай тұр. Ғалия ҒАБДУЛЛИНА (суретте) ТЖМ қызметінде диспетчер болып жұмыс жасайды және оның мойнында үлкен жауапкершілік бар. Болғанда қандай! Үш қалалық өрт сөндіру бөлімі оның қоңырау шалуын күтіп, күзетіп отырады. Осы сұлу әйел қаланың әр түкпірінен келіп түскен өрт туралы қоңырауларды қабылдап, өңдейді. 18 жылдан бері.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ҚЫЗ

Ғалия – бар өмірін өрт сөндіру қызметіне арнаған әкесінің сүйікті қызы.

- Мен үлкен жанұяда өстім, үйде мені қосқанда алты бала болды, - дейді ол. - Әкем Зұлхарнай ҒАБДУЛЛИН қашан да отбасының ұйытқысы, басшысы болды, үйде әскери тәртіп болды десем, қате айтпаған болармын. Жақсы оқып, ата-ананы тыңдаудан артық маңызды еш нәрсе болған жоқ. Кез келген уақытта, тіпті, түскі ас үстінде, әкеміз сабақ сұрап, мәселен, Пифагор теоремасын дәлелдеп беруімізді талап ететін және жауап лезде дайын болу керек болатын. Біз бұл талапты қашан да орындауға тырыстық.

...Бала күнімнен оның жұмыстан келгендегі киімінің иісі әлі есімде. Кейде оның бетінде жырықтар, күйік іздері анық байқалып тұратын... Мен оның жұмысының қауіпті екенін білдім. Алайда, өзім мұндай жұмысты армандаған да жоқпын. Балабақшада тәрбиеші болғым келді.

"АЖ" анықтамасы:
Ғалия Ғабдуллина ҚР ТЖМ бұйрығымен қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», сондай-ақ, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.

Ер балалардың ортасында өстім, осы жайт менің мінезіме де әсер еткен шығар. Егіз туған сыңарым – бауырым екеуміз үнемі бірге жүрдік: футбол ойнадық, балалық «шытырмандарға» бірге тап болатынбыз. Екеуміз еш айырылмайтынбыз. Тек ол әскерге кеткенде ғана мен қыздармен дос бола бастадым.

Менің болашақ мамандығымды әкем таңдады, алайда мен осы жолға түскеніме еш өкінбеймін. Енді мен өзімді тәрбиеші ретінде де, колледжде оқыған кәсібім - есепші ретінде де, Досмұхамедов атындағы университетте бірнеше жыл бойы оқып алған мамандығым – экономист ретінде де елестете алмаймын.

Ғалияның жұмысы қызықты болса да, өте қиын, мазасыз.

- Күніне 300-ге дейін қоңырау өңдеуге тура келеді. Бір бөлігі дұрыс хабарлаулар болса, көпшілігін «қайда тап болдым» санатына қосуға болады. «Қызым, үйде газдың иісі шығып тұр, не істеуге болады?», «Тал басында қарға бұтаға қыстырылып қалды, кісі жіберіп, көмектеспейсіздер ме?», «Лена бар ма екен?», «Жедел жәрдем керек, адам халсіз жатыр», «Апатай, қарным ашты, апам бір жерге кетіп қалды...». Әрине, барлығына да көмектесуге тырысамын: газшылар мен құтқарушылар қызметінің, жедел жәрдемнің нөмірін айтамын, бізде Лена жоқ, өрт сөндіру қызметіне соғып тұрсыз деп жауап қайырамын, - дейді Ғалия. – Апаң қазір келеді деп сәбиді де жұбатамын. Әрине, бізде шұғыл қоңырауларды қабылдайтын басқа да бірнеше телефон бар. 101 нөмірі қашан да ашық тұру керек.

 

ТЫНЫШ ОТЫРАР УАҚЫТ ЖОҚ

Ғалия маған өрт сөндірушілер жұмысы-ның ауырлығы, өз күйеуі туралы, айта кетсек, ол да өрт сөндіруші екен, үш қалалық өрт сөндіру қызметі «Орталық» (Жилгородок), Арай (Привокзальный) және «Толқын» (Балықшы) болып аталатынын, ұлының міндетті түрде әскер қатарында болып, ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуі керектігі жөнінде айтты.

- Сіз келгеннен бері ешкім қоңырау шалған жоқ, бұл - сирек кездесетін құбылыс, - деп таңданды ол. – Жалпы, телефонға бір тыным жоқ. Тағы кішкене отырарсыз? (күліп). Иә, әңгіме онда емес. Мен күніне мың қоңырауды қабылдауға дайынмын, тек «қайда тап болдым» санатынан болмаса болды. Телефонның арғы жағынан мазасызданған дауыс естісем, қатты қамығамын, өйткені, бұл істің насырға шапқанын білдіреді ғой. Алайда, өз сезімімді тез жинап алып, лезде хабарлаймын – тәжірибем жеткілікті. Тек өрт сөндірушілердің ғана емес, менің де жылдамдығымнан кейде көп адамның өмірі сақталады.

Анастасия ПАСТУХОВА

6 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.