Атырау, 26 қараша 22:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бағалау көңілден шықпады (толықтырылды)

2 292 просмотра

ТШО-ның автобусы басып кірген үйге қатысты хикая әлі аяқталған жоқ ТШО автобусы үйдің жартысын құлатып кетті»). Редакцияға үй қожайынының ұлы Сағидолла ЖАМАЛОВ хабарласып, өздеріне Петролеум Фасилитиз Е&С Лимитед компаниясының филиалынан 23 ақпаннан бастап зардап шеккен отбасының уақытша тұрып жатқан пәтері үшін жалдау төлемақысы тоқтатылатындығы туралы хабарлама келгенін айтты (көлік оқиғасы осы компания жүргізушісінің кінәсінен болған еді – С.Т.).

ЕКІ САРАПТАМА

Естеріңізге салсақ, ЖКО 2013 жылдың қазанында орын алған болатын. Үйге келіп тұрған инженерлік коммуникацияларды, дуал мен үйге іргелес тұрғын үй жалғамасын автобус бұзып кеткендіктен, компания зардап шегуші тараппен ауызша келіссөз арқылы баспанаға қатысты проблемалардың уақытша шешімі ретінде пәтер жалдаудың бүкіл шығындарын өз мойнына алды («АЖ», №43, 24.10.2013 ж., «Біз кінәліміз, отбасын баспанасыз қалдырмаймыз»). Бұл мақсаттары жазбаша түрде бекітілмеген еді, өтемақыға қатысты мәселелерді шешкенге дейінгі көмек деп жобаланған болатын.

Осы жарияланым дайындалып жатқан кезде компания тағы бір айға, яғни, 23 наурызға дейін жалдау төлемақысын өз мойнына алды.

Тигізілген зиян мөлшері үш мәрте өзгерді. Бастапқыда кінәлі тарап жалдаған WMS Consulting консалтингтік қызметі салынған үйдің материалы мен салынған жылы үшін оны 300 мың теңгеге бағалады.

– Осы оқиға орын алған уақыттан бері біз екі сараптама жасадық, -  дейді Praxes заңгерлік фирмасының директоры Ерлан ТІЛЕПОВ (Петролеум Фасилитиз Е&С Лимитед компаниясы филиалының өкіліС. Т.). – Бұлардың бірде-біреуімен зардап шегуші тарап келіспей отыр. Біз алғашқы сараптаманың нәтижесі олардың көңілінен шықпайтынын түсіндік (бірінші сараптама тікелей зиян мөлшерін бағалады). Содан соң кешенді құрылыс-техникалық сараптамасына («Құрылыс Консалтинг» Ұлттық орталығы) қосымша тапсырыс жасадық. Сараптама нәтижелері бойынша сарапшылар ақаулы смета жасақтады. Алайда соңғы сараптама нәтижелерімен де Жамаловтар отбасы келіспеді. Сметалық есептеулер 2,8 млн теңгені құрады, бұл бастапқы сараптамадан анағұрлым жоғары. Бұл жерде маңызды фактіге назар аудару керек. Екінші сараптама үйге жалпы тигізілген зиянды анықтау мақсатында жүргізілді. Естеріңізге салсам, ЖКО нәтижесінде тек 40 шаршы метр алаңы бар үй жалғамасы ғана бұзылды. Үйдің негізгі бөлігі зардап шеккен жоқ. Тек аз ғана әрлеу-жөндеу жұмыстары ғана қажет. Бізге мұны өз қорытындысында сарапшылар да растаған еді.

Компания өтемақы мөлшерін 3 миллион теңгеге дейін көбейтуді ұсынды. Алайда, Жамаловтар бұл ұсыныспен де келіспеді.

11 ақпанда «Петролеум Фасилитиз Е&С Лимитед» компаниясы үй қожайыны Әмірғали ЖАМАЛОВТЫҢ атына хат жолдапты. Онда соңғы бағалау құнын 2,8-ден 3 млн теңгеге дейін көбейтіп, бірақ бұдан жалға алынған пәтердің шығындары (алғашқы 2 айды қоспағанда) – 248 мың теңгені шегеріп тастау ұсынысы жасалған. Нәтижесінде компания Жамаловқа 2,7 млн теңге ұсынды. Бұл соманың бір бөлігін (600 АЕК-тен аспайды) сақтандыру агенттігі арқылы төлеу жобаланды. Жамаловтар бас тартқан. Жауап ретінде компания жалға алу төлемақысын төлеуден бас тартқан жазбаша хабарлама жолдады.

«Құрылыс консалтинг» Ұлттық орталығының тұрғын үйді күрделі жөндеу бойынша смета мен техникалық қорытындыны ғана жасағанын нақтылап айтқан жөн. Бірақ үйден басқа газ тарату қалқаны, электр желілері мен басқа коммуникацияларға зақым келген.

 

ОРТАҚ ШЕШІМ ҚАЙДА?

– Олар бізді байланысқа шықпай отыр деп кінәлайды, алайда, олардың өздері уақыт созып отыр, - дейді Сағидолла Жамалов. – Бастапқыда бізге 800 мың теңге ұсынды. Мен келіскен жоқпын. Содан кейін 2,8 миллион теңгені есептеді. Келіп, қағазды көрсетіп, осы сомадан жалға алу шығындарын шегеретінін айтты. Мен бас тарттым. Олар жауап ретінде «біздің шартымызға келіспесеңіз, жалға алу төлемін төлеуден бас тартамыз, заттарыңды жинаңдар» деп қысым жасай бастады. Бірақ олардың шарты көңілімізден шықпаса, біз қалай келісеміз. Өйткені 2,8 млн теңгені тек үйді жөндеуге ғана есептеді ғой. Ал бізге газды, суды, жарықты, дуалды қалпына келтіру керек. Моральдық зиян үшін өтемақы есептеп отырған жоқ. 76 жастағы әкемді ауруханаға алып кетті, автобус соққысы оған оңай тимеді. Сәбиді айтпағанның өзінде, оның төбесінен жай түскендей болды. Жалдамалы пәтерде біз еріккеннен тұрып жатқан жоқпыз, басқа қайда барамыз? Мүгедек шал, кішкентай бала, жүкті әйел. Бізді олармен байланысқа шықпай отыр деп айыптайды, бірақ мен олардың кеңселерінде дүйсенбіде ғана болдым ғой.

Оқиғадан соң біз оларға хат жазып, зиян мөлшерін 5 млн теңге деп бағаладық. Олар осы сома үшін негіз керек екенін айтады. Мен заңгер жалдадым, сотқа шағым жолдадық. Енді шешімді күтеміз. Бүгінде девальвация мен жоғарыда аталған шығындарды ескере отырып, біз осы соманы талап етеміз.

Ерлан ТІЛЕПОВ:

Оқиға орын алған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін осы ахуалды тезірек шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық, әлі де жасай береміз. Үйдің бұзылған бөлігін қалпына келтіру үшін құрылыс материалдарын қазірден бастап сатып алып, құрылысшыларды жалдап, жұмыстарды бастай беруге болады. Бүгінде олардың төрт апта бұрын заңгерлерінің сотқа талап-арыз бергенін білдік. Бірақ бізге ешқандай хабарлама келген жоқ. Компания бәрінің түсінгенін қалайды: өтемақы сомасы қандай болса да, ресми негіз қажет. Мейлі ол сараптама қорытындысы немесе сот шешімі болсын. Қазір мұндай бір негіз бар, ол - 2,8 миллион теңге сомадағы техникалық сараптама.

«Құрылыс консалтинг» ҰО-ның техникалық зерттеу тұжырымдары мен ұсыныстары: «Апат нәтижесінде және соққы әсерінен салмақ түсетін және қоршау жасаған ағаш құрылымдарға, тұрғын үй құрылысының шатырына, сонымен қатар тұрғын үй жалғамасының инженерлік құрылымына зақым келді.
Жүргізілген техникалық зерттеу тұрғын үй жалғамасының салмақ түсетін құрылымы ІІ дәрежеге тиесілі екенін анықтады: оның салмақ түсетін қабілеті толықтай жойылып, күшті зақым келтірілген. Қатты соққы нәтижесінде жалғаманың сыртқы қабырғалары бұзылған.
Тұрғын үйді қалпына келтіру үшін 1.04-26-2011«Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды қайта жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу» ҚР ҚН-на сәйкес күрделі жөндеу жүргізу қажет. Салмақ түсіретін құрылымға зақым келуіне, тораптар мен қосылыстардың бұзылуына, тұрғын үй жалғамасының бүкіл қиылысқан өн бойындағы элементтердің қирауына байланысты тұрғын үй жалғамасын толықтай бұзып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайтадан жүргізу керек».

***

Бүгін, 6 наурызда Сағидолла Жамалов «АЖ»-ға хабарласты: оған «Петролеум Фасилитиз Е&С Лимитед»компаниясы филиалының өкілдері байланысқа шығып, 9 наурыздан бастап, пәтерді жалға алу туралы келісімшартты бұзатындықтарын хабардар еткен.

- Олардың шарттарымен келісу үшін, бізді пәтерден қуып, қысым көрсетіп отыр, - дейді Жамалов. – Бірақ біз өтемақы сомасының ішінен жалдау ақысын да қоса төлеуге келіспейміз. Сайып келгенде, ЖКО біздің кінәмізден болған жоқ, еріккеннен пәтер жалдап отырған жоқпыз ғой.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Фотосурет "АЖ" мұрағатынан алынды

6 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.