Шеберлікке үміткерлер
Алматы облысының Қаскелең қаласында таэквондодан Қарасай батырды еске алуға арналған ІХ ашық республикалық турнир өтті.
Атырау облысынан 1-ОРМ-БЖСМ (Авангард), 1-БЖСМ (Привокзальный) және Құлсары қаласындағы БЖСМ шәкірт-терінен құралған үлкен команда барды. Турнирге 730 спортшы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге спорт шеберлігіне үміткер атағын беру жарыстағы бәсекелестікті арттыра түсті.
Облыс құрамасының сапынан Ұлжан Маханова мен София Амангелдиева жеңімпаз атанды. Рамазан Таспаев күміс жүлде алса, Арайлым Асқарова, Мариам Кударова, Әлішер Жұмағұл, Темірлан Ахунжанов, Егор Чекалов, Эльдар Жолдаспаев, Жандос Жақсығалиев, Алдияр Ғадылбеков, Ирина Ли, Әділжан Сарсенов, Әлихан Сейтов, Айдана Еділбаева және Арайлым Оразақова қолаға қол жеткізді. Спортшыларды жаттықтырушылар А.Халамхалиева, С. Сардарова және Р. Аманғалиев дайындады.
***
Самбошылар сайысқа түсті
1-БЖСМ-де самбодан Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының біріншілігі өтті.
Жеңімпаздар: 27 келіге дейін – Әділ Қисапов, 30 келіге дейін – Нұрболат Серікбаев, 34 келіге дейін – Нұрғанат Серікбаев, 38 келіге дейін – Абылай Құлманов, 42 келіге дейін – Асқар Еспосынов, 46 келіге дейін - Хақназар Мақсат, 50 келіге дейін – Райымбек Тілегенов, 55 келіге дейін – Жасұлан Әубәкіров, 60 келіге дейін – Олжас Тілекқабылов, 66 келіге дейін – Ерлан Мағзомов, 73 келіге дейін – Бекет Сауырбай, 73 келіден жоғары – Даурен Мұратұлы. Турнирдің үздік палуандары болып А. Құлманов пен Х. Еспосынов танылды.
***
Байқоңыр жүлделері
Байқоңырда 2000-2002 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан халықаралық турнир өтті.
Атыраулықтардың қоржынында бес жүлде бар: «алтын» – Әбілхайыр Хайруллин (38 келіге дейін), «күміс» – Диас Ізмұхан (32 келіге дейін), «қола» – Мәдениет Құлман (35 келіге дейін), Расул Жақсығали (46 келіге дейін) және Батырлан Әсет (50 келіге дейін). Балаларды Қ. Досқалиев, Б. Жұмабаев, Б. Қошқаров, Ж. Иманбаев, А. Төлеш, Е. Төлеген және К. Табынбаев әзірледі.
***
Минскіден келген қола
Минскіде Беларусь президенті Александр ЛУКАШЕНКО жүлдесіне арналған самбодан Әлем кубогының кезеңі болып өтті.
Әскери самбодан Қазақстан және Азия чемпионы Әсет Әлдешев «қола» иеленді. Тағы бір атыраулық палуан, Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері Асыланбек Азимов жүлделі бола алмады. Екі спортшы да 1-БЖСМ-да Болат Жұмабаев пен Қайрат Досқалиевтың жетекшілігімен жаттығу жасайды.
***
Нәтиже түзелуде
Облыс құрамасы Тараз қаласында өткен 1994-96 ж.т. жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионатына қатысты.
60 келіге дейін салмақта Шынболат Хасанов (бапкерлері Қ. Сүлейменов, С. Нұралин) қолаға қол жеткізді. 73 келіге дейін салмақта Табиғат Мағауия ел чемпионы атанды. Ол финалда 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері түркістандық Дидар Хамзадан айласын асырды. Нәтижесінде облыс құрамасы командалық есепте 8-орын алды. 2012 жылы 16-орын, 2013 жылы 12-орын алған облыс құрамасы үшін бұл - жақсы нәтиже.
***
Энтузиастың қола жүлдесі
Астраханда дәстүрлі 44-ші Бүкілресейлік Началов жеңілатлетикалық жүгірісі өтті.
400 жүйрік 3, 5 және 10 шақырым қашықтықта сайысқа түсті. Олардың арасында атыраулық денсаулық жүгірісінің энтузиасты, Мұнай және газ институтының профессоры Асқар Қазиев те бар. Ол 50-59 жас ерекшелік тобында 5 шақырымдық жүгірісте үшінші болып келді.
***
Чемпиондар Малайзияға барады
«Атырау» ДСК-нде муай-тайдан Қазақстан чемпионаты өтті.
Атыраулық спортшылар барлық 14 салмақ дәрежесінің 10-нда өнер көрсетті. Екатерина Тамбовцева (48 келіге дейінгі салмақ) чемпионатта тек бір айқас өткізді. Бірақ қандай айқас! Жеребе жолдас болып, бірден финалға шықты. Айқас барысында ол алматылық қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, қарсыласының секунданттары үшінші раундта рингке орамал лақтыруға мәжбүр болды. Облыс құрамасының қоржынына екінші алтынды 57 келіге дейінгі салмақта Ищан Ғалиев салды. Ақтық айқасқа дейінгі жолда ол екі қарсыласын нокаутқа жіберіп, финалда әлем және Еуропа чемпионы Кемал Нұрымды ұпай санымен ұтты. Ищанның інісі - Әбіл Ғалиев 60 келіге дейінгі салмақта екі айқас өткізді. Біріншісін нокаутпен жеңіп, екіншіде Еуропа чемпионы Рауан Дозбаевты ұпай санымен тізе бүктірді. Осылайша, атыраулықтардың еншісінде - үш алтын медаль.
Алаң иелері қатарында келесілер турнирдің күміс жүлдегерлері атанды: Еламан Саясатов (45 келіге дейін), Бауырбек Мұханжан (63 келіге дейін) және Жұмабек Мыңбай (75 келіге дейін). Қола Батырхан Мұхитов, Аман Қабдоллаев, Дидар Болатов пен Саламат Жанғазиевтердің еншісінде.
Турнир мамырда Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында болатын әлем чемпионатына іріктеу ретінде өтті. Оған жолдаманы Ищан және Әбіл Ғалиевтар жеңіп алды. Д. Болатовты да қатыстыру мәселесі қаралып жатыр, өйткені ол қазіргі әлем және Еуропа чемпионы, ол өз шеберлігін 2013 жылғы Қазақстан чемпионатында дәлелдеген болатын. Сондай-ақ, Е. Саясатов, Әлішер Мұхтаров және Абылай Құралбаев ел құрамасына ілікті. Сәуірдің ортасында олар Тайландқа оқу-жаттығу жиынына барады, ал сол жақтан Малайзияға бет алады.
Облыс құрамасы спортшыларын Нұрберен Әмірғалиев, Бақытжан Мұхамбетқалиев, Мейрам Ғалиев және Айбат Рахман сияқты жаттықтырушылар дайындады. Облыстық муай-тай федерациясы және «Қайсар» спорт клубы «Атырау» қонақ үйі мен қалалық мәслихаттың депутаты, «Ақжол» партиясының облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов тұлғасында ата-аналар комитетіне алғыс айтады.
***
«Фантомның жеңісі»
Мұз сарайында шайбалы хоккейден әуесқой командалар арасында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Кубогы өтті.
Турнирге 6 команда қатысты, олар ең алдымен топтарға бөлініп, іріктеу ойындарын өткізді. Бірінші топтан финалға «Фантом» шықты, олар «Энергетикті» ойыннан кейінгі буллит бойынша 4:3 есебімен ұтса, «Аджипті» 5:2 есебімен жеңді. Екінші топта финалға«Прикаспиец» (4:3) пен «АМӨЗ» (9:2) командаларын ұтқан «Мұнайшы» шықты.
Ақтық сында «Фантом» «Мұнайшы» командасын 4:2 есебімен жеңді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ