Оқу орындарының басшылары бұқаралық спортты дамыту үшін көп нәрсе істей алады. Мұнай және газ институтындағы спорт секциялары қалай жұмыс жасап жатыр? Біз осы тақырыпта АМжГИ-дің «Сұңқар» спорт клубының директоры Мейрамбек ЕСМАҒАМБЕТОВПЕН сұхбаттастық.
- Сіздің клубыңызда қанша студент шұғылданады және олардың жаттықтырушылары кімдер?
Мейрамбек Есмағамбетов, 25 жаста, дзюдодан 2009 ж., 2012 ж. ел чемпионы, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ шәкірті, жаттықтырушылық өтілі- 5 жыл.
- «Сұңқар» спорт клубында бірнеше спорт секциясы жұмыс жасайды. Күрес секциясын мен жүргіземін, волейболдан Азамат Өтепбергенов, баскетболдан Еркін Төлегенов, ауыр атлетикадан Серікқали Қайруллин, үстел теннисінен Бибігүл Нарекова, аэробикадан Жанат Тәтібаева, Вин-чун шығыс жекпе-жегінен Нұрлан Шайхиев дәріс береді. Олардың барлығы да тәжірибелі мамандар. Клубта 200-ге жуық студент шұғылданады. Олар бізге қуана-қуана келеді, соңғы екі жылда спортпен шұғылданушылардың саны біраз өсті. Біздің жоғары оқу орнында спортқа үлкен көңіл бөлінеді.
- Клуб шәкірттерінің ішінен спорттық жетістікке жеткендер бар ма?
-Иә, ондайлар бар: өткен жылы Әсел Серікова WKF-каратеден ҚР чемпионы атанды, ал биыл Кувейтте өткен Азия клубтық чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ауыр салмақта өнер көрсететін боксшы Рахман Әлжанов 2012 жылы ҚР чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Байдарка мен каноэден ел чемпионы Илья Шигаев, панкратион мен ММА-дан ҚР чемпионы Самат Жағыпаров, армрестлингтен екі дүркін Азия чемпионы Талғат Әбуталиев те - біздің студенттеріміз. Сондай-ақ, біздің шәкірттеріміздің қатарында Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, самбодан Азия чемпионы Болат Жұмабаев, ел чемпионы, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысушы Қайрат Өтеген де бар.
Жақында біздің клубта жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждер студенттері арасында армрестлингтен облыс чемпионаты өтті. Жарысқа 120 спортшы қатысты. 65 келіге дейінгі салмақта инженерлік-гуманитарлық университет студенті Фархад Қожантаев жеңімпаз атанды. 75 келіге дейінгі салмақта Каспий маңы гуманитарлық колледжінің студенті Роман Ахиялов топ жарса, 75 келіден жоғары салмақта біздің Талғат Әбуталиев ешкімге дес бермеді. Төрешілер абсолюттік салмақта өнер көрсетуге барлық спортшыларға рұқсат беру керек деп шешті. Қорытындысында 2013 жылғы Азия чемпионы Александр Максин жеңіске жетті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер АМжГИ ректоры атынан жаңа ұялы телефондармен марапатталды.
Институт ректоры Дүйсенбек Құлжановтың қолдауының арқасында «Сұңқар» клубының шәкірттері жарыстарға жиі барып тұрады. 2014 жылдың тамыз айында Ақтауда республикалық Универсиада өтеді. Командамыз жарыстарға дайын.
- «Атырау» ФК-ның негізгі және қосалқы ойыншылары АМжГИ студенттері болып табылады. Атап айтсақ, біздің студенттік футбол командамызда Дәурен Мәжитов, Жақсылық Халелов, Андрей Лавыкин, Темірлан Үкібаев, Айбар Нұрыбеков өнер көрсетеді. Баскетбол командамызда да «кәсіпқойлар» аз емес. «Атырау Барыстары» командасының капитаны Рүстем Төлеу, ойыншылар Александр Лысяк, Олжас Төремұратұлы және басқалар – студенттеріміз. Волейбол командасы толығымен 1-курс студенттерінен тұрады, алайда, бұл өткен жылғы жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы жарыста 2-орын алуға бөгет болған жоқ.
- Таэквондо қалай дамып жатыр?
-Осы спорт түрінің белгілі өкілдерінің барлығы АМУ-де оқиды. «Сұңқар» клубында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, өңірімізде таэквондоның негізін қалаған Қабибек Мұхитов дәріс береді.
- Клубтарыңызда жеңіл атлетика үйірмелері бар ма?
- ...Оған денсаулық жүгірісінің белгілі энтузиасы, дене тәрбиесі кафедрасының доценті, профессор Асқар Қазиев жетекшілік етеді. Оның тобында спринтер Айдамир Нәбиев және марафоншылар Әлібек Шыныбаев пен Ерғанат Төлепішов жаттығады. Ректорат біздің барлық қажеттіліктерімізді қамтамасыз етіп отыр. Бізге тек өз футбол алаңымыз бен жүгіру жолағы жетіспейді. Ректор көмектесемін деп сөз берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА