«Дайын бол!» - №1 интернат балаларының жалпы білім беру мектептерінде жақсы білім алуына көмектесуге арналған жоба осылай аталады.
ЖАЛҒЫЗ ИНТЕРНАТ ЕМЕС
Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап №1 балалар үйінің шәкірттері сабақты бұрынғыдай интернат қабырғасында емес, жалпы білім беру мектептерінде оқып жатыр. Балаларды интернат қабырғаларымен шектемеу туралы шешім олардың интернаттың «вакуумды» ортасынан тыс әлеуметтік ортаға бейімделуіне, сондай-ақ, мамандандырылған мекемеде оқыған деген белгісі жоқ жалпы үлгідегі аттестат алуға мүмкіндік береді деген мақсатпен қабылданған еді. Алайда жақсы ойды жүзеге асыру, «Дайын бол!» жобасының үйлестірушісі Ирина ГОРБАЧЕНКОНЫҢ айтуынша, олар белгілі бір қиындықтарға тап болды: балалар жаңа ұжымға ауыр бейімделді, интернат балаларының үлгерім деңгейі жаңа сыныптастарымен салыстырғанда көп төмен болды, олар кейбір қарапайым түсініктерге, дағдыларға және білімге ие емес еді.
Балалардың көмексіз сабақты игере алмайтыны алғашқы күндерден-ақ белгілі болды, осыдан кейін «Еуразия Орталық Азия» қоры «Атырау достары» бастамашыл тобының қолдауымен шұғыл түрде «Дайын бол!» жаңа жобасын іске қосты. Жобаны №1 интернат басшылығы, Атырау облыстық білім беру басқармасы және осы балалар оқитын №3, 16, 19, 30 мектептердің директорлары қолдады.
Енді интернаттың 3 жастан 16 жасқа дейінгі 90 шәкіртіне математикадан, физикадан, химиядан, логика мен тіл дамытудан қосымша сабақтар жүреді. Мұғалімдердің айтуынша, балалардың оқуға деген ынтасы артқан, жаңа сабақтарды жақсы игеріп, салмақты бола бастады. Балаларды одан әрі ынталандыру үшін қор ақпанның аяғында №1 интернатта «Знайка» зияткерлік ойынын өткізді. Алдымен екі іріктеу туры өтті, бұған 5 команда қатысты. Айтпақшы, өз командаларына балалар жаңа сыныптастарын шақырды. 27 ақпанда өткен финалға №30 және №3 мектептердің екі командасы шықты. Ойынға қатысушылардың көпшілігін «АЖ» оқырмандары бұрынғы жарияланымдар арқылы жақсы таниды. «Ақ бота» балалар үйі жабылғанда Марианна УЛЬЯНОВА отбасылық үлгідегі балалар ауылына көшкен дос қыздарынан айырылып, мұңайып жүрген («АЖ», 31.05.12 күнгі №22, «Балалар үйімен қоштасу»). Ол енді жаңа достар тапты. Жақсы оқитын, сурет салуды ұнататын, пысық қыз Элизабет ГУБЕРТ Тengri Art заманауи өнер галереясы өткізген «Атырау – болашақ қаласы» балалар суреттері байқауында «Арман қала» номинациясы бойынша бірінші орын алды. Сергей ЛЕСНЮК пен Айман МҰҚАНОВА жақсы ән айтады, біз олармен «Тұлпар» балалар лагерінде кездестік («АЖ» 11.07.13 күнгі №28, «Тұлпардағы жүздесу»), ал Боря АСТАХОВСЫЗ ешбір іс-шара өтпейді деуге болады!
ҚУАНЫШ ӘКЕЛГЕН ШАРА
Алдымен балалар логикалық тапсырмалар бойынша сайысты. Оларға алты қарындаштан алты тең қабырғалы үш бұрыш құрастыру ұсынылды. Балалар неше түрлі нұсқа ұсынды, алайда бұл модель тек 3D форматында ғана жүзеге асырылады деген көмек сөзден кейін оны ғана жасай алды. Үш өлшегеннен кейін 27 тиыннан қай тиын жалған (салмағы ауырлау болады) екендігін анықтау тапсырмасында дұрыс жауапқа №30 мектеп командасы жақын болды. Ал үшінші тапсырманы – танграм ойжұмбағын шешуге әділ қазы мүшелері де кірісіп кетті. Балалар, сонымен қатар, әдебиет және басқа да пәндер бойынша білімдерін көрсетті. Достығы жарасқан команда жеңіске жетті, ең бастысы – ойыннан ләззат алды.
- Жеңімпаздар үндесе жұмыс жасады, көңіл көтерді, тіпті тапсырманы дұрыс орындағанда қуаныштан қосыла билеп кетті. Басқа балалар ақырғы мақсатты көбірек ойлап, қысылып, ашыла алмады, - деп ойынға түсінік берді жоба кеңесшісі, психолог Нелли КУЛИКОВСКИХ.
Балалар бұл кеңесті ойларына түйді деп ойлаймын.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ