Атырау, 26 қараша 20:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Борық әженің бақыты

4 120 просмотра

Борық әже (суретте) әйелдің нағыз бақыты балалы болуда депсанайды. Ол балаларының арасында бақытты.

«ВЫБОР», «ПЯТНИЦА» ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

88 жастағы «Алтын алқа» иегері Борық әжей Махамбет ауданы Сарайшық ауылында тұрады.Бар өмірін отбасының жылуы мен бақытына арнаған ол 18 жасында Бағыт НҰРҒАЛИЕВКЕ тұрмысқа шыққанына еш өкінген емес. Олар 1945 жылы соғыс біткеннен кейін бір айдан соң, яғни,9 маусымда шаңырақ көтерген еді.

- Мен оған дейін Атырауда «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде корректор болып жыл жарым уақыт жұмыс жасадым. Ол кезде ата-анам 16-шы ауылда - Тегішілде (кейін ол ауыл жойылып кетті) тұратын. Кіндіктен менен басқа жалғыз інім болды. Анам ауылға келгенімді жақсы көргесін, мен газеттен қол үздім. Мүмкін, белгілі журналист те болар ма едім. Себебі, жазу арманым еді, әлікүнге көзім нашарлау көрсе де, газет-журналсыз отыра алмаймын, - дейді Борық әжей.

Отағасы Совет секретары, агроном, басқа да ауыл шаруашылықтарында басшылық жұмыста жүргендіктен отбасының тірлігі Борықтың мойнына ілінеді. Газ, жарықтың болмауы, суды Жайық өзенінен иінағашпен тасып ішу сол кездегі барша әйелді еріксіз шынықтырған. Оның үстіне, енесінің аурушаң болуы да үйден қарға адым шығуына мүмкіндік бермеді. Ол енесінен алған тәлім-тәрбиесін әлі күнге ұмытпай, келіндерінің құлағына құйып отырады.

- Енеңіздің аты кім еді?

- Айта алмаймын, не десең де, айта алмаймын.

Азар да безер болған қарт әженің есте жоқ ертеде қалыптасқан үлкендердің атын атамау дәстүрін әлі күнге ұстанатыны мені қызықтырды.

- Анам бәрібір айтпайды, тіпті сұрамай-ақ қойыңыз, - дейдіұлыНұролла. - Бір жылдары ауламыздан оншақты қой ұрланып, милиция іздестіріп таба алмағасын, мамам балгерге барып, жоғын айтпақ болады. Балгер ата-енесінің есімін сұрамай ма, сонда қанша қиналса да, атын айтпай қойған.

- Енемнен алған тәрбиеміз ғой, мысалы, «Выбор» (Сайлау), «Пятница» (Жұма), Бастық, т. б. қайнағаларым бар. Абысындардың атауы солай болғасын, басында шатастырғанмен, кейін үйреніп кеттік. Өзім де келін түсірдім, олар бізден үйренгенін жалғастырып жатыр, -дейді келіні Жаңылсын.

 

ҰРПАҚТАР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Борық ана 14 құрсақ көтерді, тіпті үшем де тапқан. Жастайынан шетінегендерін есептемегенде10 ұлы мен1 қызы өз алдына үй болып отыр. Ол барлық баласын өз үйінде дүниеге әкелген, дәрігерге жүгінбеген. Тіпті, жеңілдене сала үй тірлігіне кірісіп кететінін мақтанышпен айтты. Қазір аздаған қан қысымы мен көзінің көруі нашарлағаны болмаса, денсаулығына шағымданған емес.

- Ұлдарымның бірі қайтыс болып кетті, оның отбасы бар еді. Бүгінде, құдай көпсінбесін, 33 немере, 8 жиен, 20 шөбере сүйіп отырмын. Немеремнің алды 43-те. Мен күндіз-түні осы балаларымның амандығын, еліміздің тыныштығын тілеп отырамын. Жолдасым 1991 жылы қайтпас сапарға атанды, -дейді Борық әжей.

Борық әже он келін түсірді. Осы Атырау төңірегінен құдалары бар. Ене мен келін арасындағы сыйластық пен ынтымақтастық мықты болса, шаңырақтың берекесі кіретінін баса айтты.

- Үй болғасын шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Мен ана келінім анандай, мына келінім мынандай деп айта алмаймын. Маған бәрі бірдей, білместігі болса, үйреттім, - дейді Борық әже.     

Нұрғалиевтердің үрім-бұтағы жыл сайын 9-шы мамырда Борық ананың қасына жиналады. Жан-жақтан - Астана, Ақтөбе, Орал, Ақтаудан бірі қалмай, үлкен үйде бастарын құрап, ағайындарымен ҰОС ардагері, марқұм Бағыт Нұрғалиевті еске алып, ас беруді әдетке айналдырған.

Борық әже той-томалақтардан қалмайды. Жүрісі тың.

- Мұның бәрі жас кезден шынығып, жұмыс жасағандыкі. Қазір бәрі бар, жағдай жасалған, бірақ жастар аурушаң. Мүмкін, экология болар, бастысы адам көп қимылдай берсе, денсаулығы нығаяды. Осыны балаларыма айтып отырамын, еңбектен қашпаңдар деймін. Менің анам 104 жасында қайтыс болды. Ал ол кісілер небір қиындықты бастан кешіп еді ғой. Мен қыздарыма, келіндеріме, барша әйелдер қауымына өз әдеміліктеріңді сақтаңдар дегім келеді. Әйел күліп жүрсе, айналасы да сәулеленіп тұрады. Мереке құтты болсын! - дейді Борық әжей.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.