Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу кезегі Атырауда 58 мың адамға дейін өсті.
Қалалық әкімдікте хабарлағандай, кезекке тұрушылардың арасында 2002 жылы арыз бергендер де бар. 2012 жылдың 21 маусымында үкімет қаулысымен бекітілген «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының кезегі әжептәуір ұзарып кетті. Осы бағдарламаға сәйкес, жеке тұрғын үй салуға бөлінген телімдерге құрылыс салу бүкіл қажетті инженерлік коммуникация жүргізілгеннен кейін ғана мүмкін болады. Осы талапқа байланысты жер телімдерін бөлу тоқтатылды. Ал қала тұрғындарынан жер бөлуге берілетін арыздар әлі де қабылдануда.
– Қазір кезекке тұрушыларға телімдер бөлінетін елді мекендерге су құбырларын, газ құбырларын және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Тек осы жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана телімдерді бөлу жалғасатын болады, - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ.
Қалалық билік бөлінген жер телімдерін игеруге қатысты тұрақты түрде тексерулер жүргізеді. Үйді немесе уақытша баспананы салуға заңда екі жылдық мерзім белгіленгені белгілі. Егер құрылыс басталып, бірақ қожайыны бұл уақытқа үлгермесе, ол ұзартылады. Егер телім бөлінгеннен кейін екі жылдың ішінде қожайын ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізбесе, онда жер қайтарылып алынады. Соңғы тексеру барысында 800-ден астам игерілмеген жер телімі анықталды. Оның 70-і мемлекет меншігіне қайтарылды.
Тамара СУХОМЛИНОВА