Фото lada.kz сайтынан алынған.3 наурызда №313 Маңғышлақ– Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру нәтижесінде көлік бақылау инскпекциясы қызметкерлері 77 билетсіз жүрген жолаушыны анықтады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады. «“Жолаушылар тасымалы” АҚ-ның қызметкерлеріне қатысты қатаң шара алынатын болады, – делінген баспасөз хабарламасында. – 2013 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1 698 билетсіз мінген жолаушылар анықталған болатын. Жіберілген заңбұзушылықтар үшін 1 428 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 201 қызметкермен арадағы еңбек келісімшарты бұзылған. Одан бөлек, билетсіз мінген жолаушылардың өздерін де әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар берілді».
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астана стансасының вокзалында автоматтандырылған кассалар арқылы билеттерді электронды сату орталығы құрылып жатыр. Осындай орталықтар Алматы, Ақтөбе, Атырау және Қарағандыда ашылады. Кейін еліміздің барлық ірі вокзалдарында да ашылмақ. «Бұл сату технологиясы кассирлердің клиенттермен байланысын болдырмайды, уақыт үнемдейді, қызмет көрсету деңгейін көтереді».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА