Порталға ақпарат берген белгісіз азамат Каримованың байланыс құралдарына қолы жетпей отырғанын айтады. Ташкенттегі пәтерінде қамауда отырған оны Ұлттық қауіпсіздік қызметінің сарбаздары сырттан күзетіп тұр.
Дереккөздің айтуынша, құқық қорғаушылар жетінші қабаттағы пәтерге балкон арқылы есіктерді сындырып кірген.
"Күйеуі Рустам Мадумаровты сол жерде соққыға жыққан. Әйелдер мен балаларды жерге жатқызып ұстаған. Гүлнара қарсылық танытып, тиісті құжаттарды көрсетуді талап еткен кезде жасақ басшысы Муиджон Тохирий оған да қол жұмсады" деп жазады Uznews.net.
Нәтижесінде, Каримованың азаматтық күйеуі мен оған жақын бірнеше адам қамауға алынды. Мұны Өзбекстанның бас прокуратурасы өткен айдың ортасында ресми мәлімдеген болатын. Ал, Гүлнараның өзі 15 жасар қызымен алғашында таныстарының үйіне қашып үлгерген. Алайда, көп ұзамай құқық қорғаушылар оны тауып алды. Ол кезде де Муиджон Тохирий Каримоваға бірнеше рет қол көтерген көрінеді. Кейін байланыс құралдарын түгелдей тартып алып, қызы екеуін пәтерлеріне қамап тастаған.
Дереккөздің хабарлауынша, осы оқиға болмастан бұрын Г.Каримова әкесімен хабарласып, Израильге емделуге жіберуін сұрапты.
Дереккөз: baq.kz