28 ақпанда өткен қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ кәсіпкерлермен кездесуінде Атырау қаласын абаттандыру мен көгалдандыру және мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
КӨГАЛҒА ҮШ ЖҮЗ ЖЫЛ КЕРЕК
Қаланың бас сәулетшісінің орынбасары Исламғали СМАҒҰЛОВ архитектуралық бірегейлік жөнінде тағы да сөз қозғады. Сәулетшілердің кәсіпкерлерге көп пәтерлі үйлердің бірінші қатарынан ашқан дүкендері мен кеңселерінің сыртқы дизайндарын әзірлегенде үйдің сыртқы түрі мен көшенің түс шешімдерін есепке алуды бірінші рет ұсынып отырған жоқ. Олар өз тараптарынан дизайн жасауға көмектесуге дайын. Смағұлов слайд арқылы Атыраудың болшақ бейнесін қалай көретінін әңгімелеп берді - барлығы көгалдандырылған, гүлдер мен шағын архитектуралық нысандармен әрленген. Оның пікірінше, кеңселердің иелері өздерінің алдарындағы аумақты абаттандыруды, яғни, сол жерлерге гүлзарлар мен шағын мүсіндер орнатуды өз мойындарына ала алар еді.
Әкім С. Айдарбеков кәсіпкерлерге қаланы көгалдандыруға көмектесуді ұсынды және осы жылдың аяғында мұнда Н. Назарбаев пен В. Путиннің қатысуымен Қазақстан-Ресей экономикалық форумы өтетінін ескертті. Өткен жылы, мәселен, 14 мың шыбық отырғызылды, биыл да осы жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір қоғамдық орындарды, алаңдар мен Сәтпаев көшесіндегідей көлік жолы айырықтарын көгалдандыру қажет: көгал егіп, көшеттерді отырғызу керек. 15 наурызда жалпықалалық сенбілік белгіленді және қала билігі бұл жұмыстарға бизнес қауымдастық белсенді түрде қатысады деп үміттенеді. Кәсіпкерлердің де өз саяжолдарын салып, ол жерлерге фирманың атаулары жазылған орындықтар қою туралы ойлары бар екен. Қалалық сәулет бөлімі осы саяжолдарға лайықты жер іздеуде.
- Мұның бәрі ерікті түрде. Кейбір кәсіпкерлер саяжолдарға тал егуді қаласа, кейбірі өз кәсіпорыны, кеңсесінің аумағымен шектелмекші. Кез келген көмекті қабыл аламыз, - дейді қала басшысы. - Отырғызылған көшеттерді бағып-қағу мен суаруды қала билігі өз мойындарына алады. Кәсіпкерлердің сәбилер үйін, интернаттар, балабақшалар, мектептерді қамқорлығына алуларына болады. Бұл мекемелердің аумағында ешқандай жасыл желек жоқ.
Бизнесмендер бұл тапсырмаға іскерлік жағынан келіп, климат жағдайларына байланысты қандай шыбықтарды отырғызған дұрыс екенін шешіп алды.
- Көгал өте әдемі болғанымен, оны бағып-қағу өте қиын. Көгалды күткеннен 2 мың талды суарған жеңіл. Жақсылап ойланып, қаланың қай жеріне қандай тал отырғызу керек, қандай теректер жерсінбейтіндігін білу үшін мамандардан кеңес алу қажет. Содан кейін оны ешкім сындырмауын қадағалау қажет. Бізде мұндай өкінішті тәжірибе бар, Смағұлов желекжолына 260 көшет отырғыздық. Олардың бір бөлігі қалалықтардың кесірінен өліп қалды. Балалардың шыбықтарды қалай жұлып жатқанын, ал ата-аналарының бұған ескерту де жасамағанын өз көзіммен көрдім, - дейді кәсіпкер Азамат ҚОСЖАНОВ.
Бұл ескертуді құп көрген Айдарбеков кездесуге қатысып отырған «Зеленстрой» ЖШС директорының орынбасары Геннадий ЦОЙҒА бұл мәселені кәсіпкерлермен талқылауға тапсырма берді.
ЖӘРМЕҢКЕГЕ ШАҚЫРУ
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінде 6 277 мүмкіндіктері шектеулі адам есепте тұр, олардың 2 035-і ІІІ топ мүгедектері. Бұл санаттағы мүгедектер жұмысқа қабілетті, қалалық әлеуметтік бөлімнің мәліметтері бойынша, олардың 954-і тұрақты жұмысқа ие. 212 адам өз жеке істерін ашқан (негізінен, тігін шеберханалары, көшірме жасау нүктелері және т.б.). «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бір мүгедек несие алып, автобус сатып алды, қазір жолаушы тасымалы қызметін көрсетеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВА 20 ақпанда ІІІ топ мүгедектерін жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырғанын айтты. Оған 185 адам мен 26 жұмыс беруші қатысты. Адамдардың бір бөлігі жұмыс тапты, үшеуі қайта даярлау курстарынан өтуге мүмкіндік алды. Н. Хабиева кәсіпкерлерден үлкен физикалық күш салуды қажет етпейтін жұмыстарға мүмкіндіктері шектеулі адамдарды алуды сұрады.
- Біз мүгедектермен қатар, басқа да азаматтар санаттарын, яғни, жетімдерді, бұрын сотталғандарды, оралмандарды, қысқартуға ұшыраған қызметкерлерді жұмысқа орналастырумен айналысамыз, - деп атап өтті Н. Хабиева. - Келесі аптада тағы бір жәрмеңке ұйымдастырамыз, келіңіздер.
Зульфия ИСКАЛИЕВА