27 ақпанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында Атырау-Құлсары, Атырау-Орал қала сырты маршруттарында жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің шағымы қаралды.
«ҚЫЗЫЛ АЛА ТӨБЕЛЕСКЕ ДЕЙІН БАРАДЫ»
«Лава-Транс» ЖШС директоры Вадим СИНКЕВИЧ былай дейді:
- Автовокзалдың тұрақтарында қазақстандық, ресейлік, қырғыздық, кейде тіпті, неміс елінің нөмірлері бар таксилер үнемі тұрады. Құлсарыға дейін отын мен жүргізуші еңбегін қосқандағы бір рейстің өзіндік құны 30 мың теңге, ал Оралға дейін 100 мың теңгені құрайды. Такси жүргізушілері жақындап келіп, еш шімірікпестен салонда отырған жолаушыларды өздеріне алып кетеді. Біздің тасымалдау бағамыз - тіркелген, көлік және коммуникация министрлігі бекіткен баға. Бекітілген тариф Оралға дейін бір жолаушыға 3 620 теңгеге тең. Біз 3 100 теңге аламыз. Одан шығындарды алыңыз, сонда әр жолаушыдан небары 2 мың теңге ғана табыс түседі. Автобуста небары 5 адам қалатын бүгінгі жағдайда әр рейстен түсетін пайда 10 мың теңгені құрайды. Біз тек адамдар көп болатын үлкен мерекелерде ғана шығындарымызды қайтарамыз. Бұл жағдай тасымалдаушыларды банкротқа ұшыратуға және өңірдегі барлық жолаушылар тасымалы саласын түпкілікті жоюға әкеліп соқтырады. Біз, кәсіпкерлер, табыс табуымыз керек, табысты қозғалыс құрамдарын жаңартуға бағыттауымыз керек. Жақсы жолаушылар автобусы 200 мың еуро тұрады. Несие алуға болады, алайда біз оны қайтара алмаймыз, өйткені бізде бизнес жүргізуге жағдай жасалмаған. Егер автобустар рейске тек бес-ақ адаммен шығады дегенге сенбесеңіздер, міне мен отырғызу ведомосын алып келдім... Тұрақты таксилерден тазартыңыздар, сонда ғана мәселе шешімін табады.
Әріптесінің сөзін «Теңізавтокөлік» ЖШС директоры Спандияр АЙСАНОВ та қолдады:
- Заңсыз тасымалдаушыларды тыйыңыздаршы, біз қызыл ала төбелеске дейін барып жатамыз.
ВОКЗАЛ ДА ЗАҢСЫЗ ЕКЕН
Облыстың көлік прокуроры Болат ХАЛЫҚОВ тасымалдаушыларды өздерің де жартылай заңсыз жүрсіңдер деп «сабасына түсірді». 2009 жылы «Аджип ҚКО» компаниясының қаржысына темір жол вокзалының жанына салынған автовокзал қауіпсіздік стандарттарына сай болмағандықтан мемлекеттік реестрге тіркелмеген. Атап айтсақ, жүргізушілер демалатын бөлме, қозғалыс құрамын техникалық тексеруге арналған орынжай мен жүргізушілерге медициналық куәлік беру бекеттері, билет сатуға арналған төлқұжаттарды тіркеу сканері, автобустардың қозғалысына спутниктік бақылау жасауға арналған GPS жүйесі және т.б. жоқ.
- Шын мәнінде, бұл нысан заңсыз қолданылып отыр деп айтуға болады, - деді Б. Халықов.– Бұдан сіздердің жолаушылар тасымалдау қызметтеріңізге негіз болатын тендерді де заңсыз деуге болады. Бұл қиын мәселе...
Көлік прокуроры, сонымен қатар, автовокзалдың қолданысқа берілгеніне бес жыл болса да, оны мемлекеттік тіркеуден өткізбеген облыстық көлік және коммуникация басқармасы басшылығына үлкен сын айтты. Көлік басқармасының өкілі қазір облыс әкімінің өкімімен нысанды мемлекеттік тіркеу рәсімін жасайтын комиссия құрылғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол жақында Атырау ықшамауданында жаңа, «Қуаныш» ЖК-нің жеке автостанциясы ашылатынын хабарлады. Келесі аптада облыстық әкімдікте жолаушылар тасымалы жөнінде үлкен жиналыс өтеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ