– Атырау қаласында құжаттарды қай жерде апостильдеуге болатынын білгім келеді. Қандай құжаттарға апостиль қойылады?
www.azh.kz сайтынан
Сұрақты ҚР Әділет министрлігінің ақпараттық-құқықтық қызметіне жолдаған едік:
– Апостиль - құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ, осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын растайтын арнайы мөртаңба.
Апостиль 1961 жылы 5 қазанда Гаагада қол қойылған «Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудің күшін жоятын конвенцияға» мүше шет мемлекеттердің аумағында Қазақстан Республикасының құзырлы органдары беретін құжаттардың шынайылығын растау үшін қойылады.
Апостильдi қоюға жататын ресми құжаттар ретiнде:
1. Мемлекеттiк органдардан (мекемелерден, нотариустардан) және Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарынан, сондай-ақ сот органдарынан, прокуратура органдарынан, әкiмдерден және басқаларынан шығатын құжаттар;
2. Нотариаттық расталған құжаттар;
3. Ресми белгiлерi бар құжаттар (визалар, тiркеу туралы белгiлер, нотариуста расталмаған құжаттағы қолды растау және басқалары) қабылданады.
Апостиль мына құжаттарға қойылмайды:
1. Шетелде Қазақстан Республикасының елшiлiктерi немесе консулдық мекемелерi жасаған құжаттарға;
2. Коммерциялық немесе кедендік операцияларға қатысы бар құжаттарға.
Апостиль қою үшін оқырманға Атырау облыстық Әділет департаментіне хабарласып, мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
– құжатқа апостиль қою жөніндегі өтініш;
– апостиль қойылуға тиіс құжат;
– өтініш берушінің жеке басын растайтын құжат, ал өкілге оның өкілеттігін растайтын құжат, сондай-ақ оның жеке басын растайтын құжат;
- мемлекеттік баж төлегенін растайтын түбіртек;
- жеке және заңды тұлғалардың өкілдері үшін - заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхат.
ҚР Салық Кодексіне сәйкес, апостиль қойғаны үшін мемлекеттік баж салығы әр құжат үшін 756 теңге (АЕК-тің 50 пайызы) тұрады.