Атырау, 21 желтоқсан 10:21
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қайрат Досқалиев: «Жоспарымыз толығымен орындалды»

2 678 просмотра

Самбодан облысымыздың жасөспірімдер құрамасы Ақтауда өткен 1996-97 ж.т. ер балалар мен қыздар арасындағы самбодан Қазақстан чемпионатында 4 алтын ұтып, өткен жылғы жетістіктерін қайталады. Біз осы құраманың аға жаттықтырушысы Қайрат ДОСҚАЛИЕВҚА (суретте) бірнеше сұрақ қойдық.

САМБО ОЛИМПИАДАЛЫҚОЙЫНДАР ҚАТАРЫНА КІРУІ МҮМКІН

- Чемпионат қандай деңгейде өтті?

-Өте жоғары деңгейде. Оған еліміздің барлық өңірінен 370 палуан қатысты. Біздің қоржынымызда 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль бар. Тағы үш баламыз үшінші орын үшін болған белдесуде жеңіліп қалды. Жүлделер есебінен біз Алматы облысынан кейін екінші орынға табан тіредік, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысы иеленді.

Өткен жылғы Азия чемпионы Мерей Тәжіғали көңілімізден  сәл шыға алмады. Үшінші айналымда оны бұрын танымал емес өскемендік палуан еркін әдіспен тізе бүктірді. Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Дәурен Ақжол жартылай финалда жеңіліп, үшінші орын үшін болған айқаста да есе жіберді.

Алтын медальді «Азия балалары» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері, Еуразиялық ойындардың жеңімпазы Парасат Жұмабаев, күні кеше дзюдодан Қазақстан чемпионы атанған Дәурен Болатбекұлы мен Әнел Сүлейменова, сондай-ақ, өткен жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Эльмира Самиғоллаева жеңіп алды.

Ерсін Сиғуатов, Ермек Ахметовжәне Алтынбек Зейнолла алтынға қол созым жерден тоқтап, күміс алқа тақты. Қола Қайырберді Айдымбай мен Қанат Ыстыбаевта. Жаттықтырушылар штабы 4 алтын медаль аламыз деп есептеген, жоспарымыз толықтай іске асты.

Өткен жылғы Қазақстан чемпионатында кіші жасөспірімдер арасында Д. Болатбекұлы, Қ. Айдымбай, П. Жұмабаев және Ә. Сүлейменова жеңімпаз атанған еді. Бұл балалар үш жылдан бері жоғары деңгейді ұстап келеді.

-Биыл басқа қандай «сынақтар» күтіп тұр?

- Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мамыр айында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына, қазанда Кореяда өтетін әлем чемпионатына барады.

Биыл самбо күресі Азия ойындарының бағдарламасына енді. Бұл - ересектерге арналған жарыстар. Алайда, менің шәкірттерім 2018 жылғы Азиада жүлделеріне үміткерлердің бірі болады деп есептеймін. Сонымен қатар, самбо 2015 жылы Кореяда өтетін Бүкіләлемдік Универсиада бағдарламасына да енді. Қазір менің өрендерім колледждерде оқиды. Кейбірі университетке түседі... Біздің күрес, сондай-ақ, 2015 жылы Бакуде өтетін алғашқы Еуропалық ойындар бағдарламасына да қосылды. Халықаралық Олимпиада комитетімен Олимпиада-2020 бағдарламасына самбоны енгізу туралы келіссөздер жүріп жатыр.

ТӘЖІРИБЕЛІ СПОРТШЫЛАР

- Ересектер құрамасының жағдайы қалай?

- Наурызда әскери және спорттық самбодан кезекті Қазақстан чемпионаты өтеді. Спорттық бөлімде жастар арасындағы әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Асыланбек Азимов, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Ержан Қабделов, дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта облыс құрамасының екінші нөмірлі палуаны Шынболат Хасанов дайындалып жатыр. Ал әскери бөлімде былтыр Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатында командалық бірінші орын алған спортшыларды дайындап жатырмыз: әлем чемпионатының жүлдегері Әсет Әлдешев, Азия чемпионы және Әлем кубогының иегері Рүстембек Жереншиев, Азия чемпионатының және Әлем кубогының жүлдегері Абылай Төлеш өткен жылғы жетістікті қайталайды деп үміттенеміз.

- 1998-99 ж.т. жасөспірімдерде қандай жетістіктер бар?

- Бұл жаста бізде маусым айында Астанада өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға дайын жақсы шәкірттеріміз бар. Бұлар: қазақ күресінен Қазақстан чемпионы Саян Қайырғалиев, Қазақстан чемпионатының жүлдегері Аманқос Сәрсекен, Қазақстанның екі дүркін чемпионы Асқар Испусинов. Осы жылдың желтоқсан айында Кипрде алғаш рет кіші жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты болады.

- Тағы қандай маңызды турнирлер бар?

-Наурызда ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатынан кейін құрама команда бірден Мәскеуде болатын самбоның негізін салушы Анатолий Харлампиевті еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирге аттанады. Турнир алдында жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған өте маңызды семинарлар өтеді. Сәуірде «Атырау» ДСК-нде 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында республикалық мектеп оқушыларының спартакиадасы өтеді.

-Сізден басқа қандай жаттықтырушылар бар?

- Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары Бисембай Қошқаров пен Жандос Иманбаев, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Абылай Төлеш, Қазақстан чемпиондары Ербол Төлеген мен Қоныскерей Табынбаев. Біз облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Асан Раушановқа және 1-БЖСМ директоры Бимырза Тайжановқа жарыстарға бару жолсапарларымызды ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

27 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.