Облыстық телекоммуникация дирекциясы 2013 жылдың қорытындысын шығарды.
Облыстағы тіркелген телефон желісінің саны 159 325 нөмірге жетті. Кең жолақты интернетті пайдаланушылардың жалпы саны - 66 988. Оптикалық-талшықты желімен 190 көп қабатты үй және 550 коттедж қамтылған. iD Net бренді арқылы интернетті 14 мың абонент қолданады, интерактивті iD TV теледидарын 14 168 абонент пайдаланады. Заманауи iD Phone телефониясын 4 443 отбасы қондырған. Сонымен қатар, дирекция (ОТД) интернетке сымсыз қосылудың LTE стандартты төртінші буынын енгізуде, осы стандарт бойынша барлығы 51 базалық станция қондырылды. Былтырғы жылы ОТД-ның техникалық бөлімшесі өздерінің жеке жобаларын іске асырды. Осылайша, ТШО үшін «Шаңырақ поселкесі мен Теңіздегі Wi-Fi сымсыз жүйесін күшейту» жобасын іске асыру шеңберінде 307 Wi-Fi қосылу нүктесі орнатылды. «e-learning электронды оқыту жүйесіне» облыстағы 30 мектеп қосылған. Сонымен қатар, 2013 жылы «Талғайраң-Бесікті» аймақтық желісінің құрылысы, Миялы-Жасқайрат-Жангелдин оптикалық-талшықты байланыс желісі жүргізілді, «Геолог жеке тұрғын үйлер (ЖТҚ) оптикалық желісінің құрылысы» жобасы іске асты.
- Бұл жұмыстардың барлығы көрсетілетін қызметтердің көлемін және олардың сапасын арттыруға бағытталған, - деп атап өтті Атырау ОТД техникалық директоры Нұрлан МАҚҰЛОВ. Алдағы уақытқа облыс орталығындағы, соның ішінде, Жерұйық, Балауса, Береке, Геолог және Атыраудың басқа да ықшам аудандарындағы FTTH (оптикалық талшықты үйге дейін жеткізу) құрылысын әрі қалай жалғастыру жоспарланған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА