2007 жылы облыстық ІІД-нің Мақат және Индер аудандарындағы бақылау-өткізу бекеттерінің құрылысына жергілікті бюджеттен 22 млн 540 мың теңге бөлінген болатын. Алайда, ешкімге қажеті болмай қалған нысандар алты жылдан бері қаңырап бос тұр.
Облыстық ІІД-нің бақылау-өткізу бекеттерінің қажеттігі жөнінде берген сұранысы биліктің зор қолдауына ие болып еді. Нысандар құрылысының тапсырысшысы - облыстық құрылыс басқармасы, ал мердігері – «Аманда-Сервис» ЖШС (директоры Артем БЕКҚАЛИЕВ).
2007 жылы басталған құрылысты бір жылдан кейін бітіруге тиіс болды. Нысандардың жобалау-сметалық құжатын жасақтаған «АтырауСтройПроект» ЖШС бір бақылау-өткізу бекетінің құрылысын 11 ??? 270 ??? млн 270 мың теңгеге (барлығы 22 млн 540 мың) бағалады.
Индер ауданындағы бақылау-өткізу бекетін пайдалануға беру туралы 2009 жылғы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісіне бірнеше лауазым иесі қол қойған. Алайда, қос аудандағы бақылау-өткізу бекеттерін полиция өз балансына алудан бас тартты. Анықталғандай, оларға енді бекеттердің керегі болмай қалған.
Индер ауданындағы бақылау-өткізу бекеті қағаз жүзінде Елтай ауылдық округінің балансында тұр.
- Бұл бекетті біздің балансқа беруі ақылға сыйымсыздау еді, - дейді Елтай ауылының әкімі Ербол ДҮЙШІМ. - Сол жылдары аудан әкімінің лауазымында болған Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ өкім шығарып, «аласыңдар» деді. Бірақ біз мұнымен келіспей, облыстық әкімдікке хат жазып едік, онымыз есепке алынбады. Нысан ауылдан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Біреулер оның терезелерін сындырған, есігін жұлып әкетіп, әжетханаға айналдырған. Осыдан кейін біз Аққала ауылынан екі қарауылшыны жұмысқа алдық. Олар екі ай ғана жұмыс жасады. Айдалада орналасқан ғимаратты күзетуге ешкім ықылас танытпайды.
Жергілікті билік сынған терезе мен жұлынған терезелердің орнын кірпішпен бітеп тастаған. Жарық, газ, су жүйелері тартылмаған бақылау-өткізу бекетін сатып алуға ешкім құлықты емес.
Мақат ауданының Доссор поселкесінен екі шақырым жердегі бақылау-өткізу бекеті де осындай күйде.
- Бақылау-өткізу бекетінің шатыры ұшып кеткен соң, демеушілерден төбесін ауыстыруға көмек беруін сұрадық, - дейді Мақат ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Аслан ҚОСМАҒАМБЕТОВ. - Коммуникация жүрмегендіктен оны кәсіпкерлер де керек қылған жоқ.
- Бұл құрылысқа байланысты қаржы полициясы тексеру жүргізіп, жұмыстың аяғына дейін жасалмағанын анықтады. 2012 жылғы рақымшылыққа байланысты іс өндірістен қысқартылған болатын, - дейді Мақат аудандық прокурорының орынбасары Досбол БАҒЫТЖАНОВ.
Облыс бюджетінің миллиондаған қаржысы осылайша далаға шашылып отыр. Ал 22 млн теңгеге, мәселен, ерік Мостовойды жарты жыл қалыпты жағдайда ұстауға болар еді немесе Алмагүл ықшам ауданындағы үйлердің барлық лифтілерін жөндеуге болар еді, тағы да он шақты бағдаршам мен жол белгілерін қондыруға болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА