Құрманғазы ауданыБірлік ауылындажергілікті балықшылар сенат депутатыСәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВПЕН кездесті.
Трансшекаралық Қиғаш өзенінің бойындағы ауыл тұрғындарының 80 пайызы балық аулаумен күн көреді. Балықшылар атынан сөз сөйлеген «Каспий-Балық» ӨК директоры Жұмажан ШАКУПОВ лимит нормаларын қайта қарап, рұқсат билеттерінің мерзімін созу құзыретін жергілікті кооперативтердің құзырына беру керектігін айтты.
- Ол үшін облыс орталығына барып-келуге жол шалғай. Балықшылардың балық аулау маусымы кезінде оған уақыттары болмайды. Сондай-ақ, біз балық аулау мерзімін ұзартып, лимит бағасын тұрақтандыруды қалаймыз. 2006 жылы 1 келі ірі балыққа15 теңге төленсе, қазір 23 теңге төленеді. Ұсақ балықтар үшін 1 келі 5 теңге төленсе, қазір 7 теңге төленеді. Біздің бұл талаптарымыз таяу уақытта орындалмаса, балық арқылы ғана күн көріп отырған балықшылар тарапынан наразылық тууы мүмкін, - дедіЖ.Шакупов.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ.Балықшылардың ұсыныстарын сенатор қолдады.
Ресей Федерациясында балық аулау мерзімі 25 мамырға дейін созылса, Қазақстанда ол 1 мамырда бітеді. Ал балық жүретін уақыт мамырдың 1-15 аралығы болып есептеледі. Бұл қарама-қайшылықтар балық шаруашылығының өркендеуіне қолбайлау болуда. Аулау мерзімін ұзарту балық шаруашылығына кері әсерін тигізеді деуге болмайды. Ресей мамандары мерзімнің ұзаруы балық қорының азаюына, болмаса балық шаруашылығының дамуына кері әсері тимейтінін дәлелдеп шыққан болатын.
- Қиғаштың бойындағы қалың елдің балықтан нәпақасын тауып отырғанын білемін, сондықтан мал мен егін шаруашылығы сияқты балық аулауға емес, өсіруге субсидия қаралған. Мен үкімет басына ресейліктер сияқты балық аулау мерзімін ұзарту мәселесін қоймақпын, - деді С. Еңсегенов.
Сонымен қатар, бұл басқосуда Қиғаш өзенінің арнасын тазалау, каналдарды тереңдетіп қазу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу қажеттігі де сөз болды. Бұдан бөлек, шекарадағы қиындықтар, Азғыр өңірі тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру үшін газ, жол, ауыз сумен қамту қажеттігі де айтылды. Сәрсенбай Еңсегенов бұл мәселелерді үкіметке жеткізуге уәде берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА