Теңгенің құнсыздануы Атырау облысының аудандарында да бағалардың қымбаттауына әкеліп отыр.
Индербордағы базарлар мен дүкендерде бағаның әр алуандығы байқалып отыр. Кенттегі үш базардың ең ірісі – «Талап» базарындағы азық-түлік сөрелеріндегі бағалар бәсі мынадай: еттің сүйек-саяқтары900 теңге, майлылау еттер 1 000-1200 теңге аралығында, қазы 2 500 теңге, қаймақтың бір келісі 2 000 теңге. Ет бөліміндегі сатушылар бағаның бұрынғы қалпын сақтап тұрғанын айтады.
- Қаладағы бағалардан айырмашылық барын білеміз. Өйткені біздің бір сиырдың тұтас етін кейде бірнеше күн сатуымызға тура келеді, -дейді сатушылар.
Жоғары сортты ұнның 50 келісі – 4 200 теңге, 1 келі қант бағасы – 180 теңге, күріштің 1 келісі - 150-180 теңге, бір жұмыртқаның бағасы - 18-20 теңге аралығында. Дүкендердің бірінде картоп пен сәбізді 1 келісі үшін 80 теңгеден сатып тұр, ал базарда бұлардың бағасы 120 теңге екен.
- Менің үш балам бар, кішкентайым жасқа да толған жоқ. Күйеуім Атырауда жұмыс істейді, алатыны50 мың теңге, қалада пәтер жалдап тұрады. Демалысында үйге келеді. Менің қолыма жалақысының жартысы тиеді, бұл ақша тамақтан ауыспайды. Жолдасым ақша алған күні азын-аулақ ұн, секер, макарон, күріш, сары май сатып аламын. Басқасына мүлдем жетпейді. Балаларым көкөніс дегенді ұмытты, -дейді Индербор кентінің тұрғыны Гүлім.
- Кей дүкендердегі азық-түлік бағасында 20-30 теңге айырмашылық бар. Бағаны бақылауға аламыз дегендері қайда? -дейдітағы бір жергілікті тұрғын Мұстахима АТАУОВА.
Ал «Талап» базарының саудагерлері бағаны өсіру себебін өздерінше түсіндіріп көруге тырысты:
- Біздің көбіміздің банктерден алған бірнеше несиеміз бар. Біз бүкіл тауарды Атырау мен Оралдан сатып аламыз. Соңғы рет барған сапарымызда ет қалбырлары 10 теңгеге өсіпті, оған біз 20 теңге қосамыз, бұдан артық қосу мүмкін емес. Өйткені, халықтың өзі ақшасын әрең жеткізіп отыр. Зейнеткерлер, бюджетте жұмыс жасайтындар тамақты бізден қарызға жиі алады. Олар айлықтары мен зейнетақысын алған сәтте бұрынғы қарызын төлеп, келесі айға қайта қарызданады. Сондықтан бізде «тірі» ақшамен сауда жасау өте сирек. Осыны әкімдік ескерсе дейміз, біз келетін тауар бағасы көтерілсе ғана бағаны көтереміз ғой.
Индер аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВТЫҢ айтуынша, «Агросервис» КМК картоп, сәбіз, жуаны төмен бағамен жеткізіп беруді жүзеге асырмақшы.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА