Yanukovychleaks.org сайтында хабарланғандай, қағаздар 200-ге тарта пластик папкаларға тігіліпті. Қашқан адамдардың оларды жағып жібермей, суға тастаған себебі де сол шығар. Қаншама құжат су бетінде қалқып жүрген. Қалғандарын арнайы сүңгуірлер жәшік-жәшік оқ-дәрілермен бірге су түбінен алып шықты. The Guardian журналистерінің пайымынша, осы жайттан қашқан адамдардың қаншалықты асығыс болғанын байқауға болады.
Аталмыш қағаздар көп жылдардан бері Янукович пен жемқорлыққа белшесінен батқан оның айналасындағыларға компромат таба алмай жүрген журналистердің олжасына айналды. Қазірдің өзінде Yanukovychleaks.org ресурсына олардың бірен-сараны жарияланып үлгерген және тізім сағат сайын толығуда.
Солардың ішінде, журналистер 2013 жылы желтоқсанда соққыға жығылған Татьяна Черновол мен Femen қозғалысының белсенділеріне қатысты досье тапқан. Одан бөлек, құжаттардың жартысы «Межгорьенің» өзіне қатысты – онда мүлік иесі «Танталит» фирмасы деп көрсетілген. Құжаттарға сенсек, резиденция маңындағы нысандардың құрылысына қыруар ақша жұмсалыпты, айталық: президент моншасына 2 млн доллар кетіпті. 2007-2008 жылдар аралығында «Танталит» есеп-шотына бірнеше миллиард доллар аударылған.
«Бұл құжаттар Янукович пен оның жемқорланған режиміне қарсы басты дәйектер болып табылады. Онда «майшелпекте» өмір сүріп, қазір мүлкінен айырылған президенттің жайлы тұрмысынан бөлек, парақорлық, сатқындық пен тамыр-таныстық мәдениеті көрініс тапқан», - дейді Украиналық «Азаттық Радиосының» тілшісі Наталья Седлецкой.
22 ақпаннан бері Виктор Януковичтің Карпаттағы «Синегора» резиденциясының да халық үшін есігі ашық. Украиналық БАҚ-тың хабарлауынша, бұрынғы президенттің отбасы қрымдық Массандрадағы үйінен де көшіп кеткен екен, алайда оған әзірге журналистерге кіруге болмайды.
Дереккөз: bnews.kz