«Бекіре-2014» кең көлемді балық қорғау акциясына басқа облыстардың құқық қорғаушылары, сондай-ақ ҰҚК, ІІМ, қоршаған ортаны қорғау министрлігі, көлік және коммуникация министрлігінің орталық аппараттарының қызметкерлері тартылатын болады.
Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары Серік ШАЛАБАЕВ браконьерлікпен күрес бойынша кеңесте мәлімдеді.
– Үстіміздегі жылы «Бекіре»акциясына бірінші рет басқа өңірлерден және орталықтан қызметкерлер тартылғалы отыр,– деді С. Шалабаев. – Акция барысында, атап айтсақ, теңіз кемелерінің қозғалысына, балық ресурстарын тасымалдауға бақылау жасалады, Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал қалаларының базарларына және басқа да балық өнімдерін сату нүктелерінде рейдтер жүргізіледі.
Мұның барлығы жемқорлық фактілерін азайтуға, яғни жергілікті балық ресурстарын сақтау қызметкерлерінің броконьерлерге қолдау көрсетулеріне бөгет болу үшін жасалып отыр. Табиғат қорғау прокуратурасының деректері бойынша, кейбір мемлекеттік органдардың жекелеген қызметкерлері өз балықшыларымен өз беттерінше (браконьерлікпен күресті жамылып), ретсіз теңізге шығуды жүзеге асырады. Атырау облысы бойынша ЭЖҚКД бастығы Мұрат ТӨЛЕБАЕВТЫҢ айтуынша,«Ақ Жайық» резерватының инспекторлары теңізге қылмыс ашқанда куәгер ретінде «ерікті көмекшілер» деп аталатын адамдарымен бірге шығады. Ал шын мәнінде, солардың өздері – браконьер.
Зульфия ИСКАЛИЕВА