Атырау, 6 желтоқсан 09:05
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Жекешелендірудің шарттары

2 865 рет қаралды

- Жалғызбасты ана ретінде 2010 жылы екі бөлмелі пәтер берілген еді. Енді осы пәтерімді жекешелендіргім келеді, ол үшін қандай құжаттар жинақтап, оларды қайда тапсыру керек?

Телефон арқылы

Сұраққа қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ комментарий берді:

- ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 13 бабының 8 тармағына сәйкес Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға болатын келесі жеңілдіктерді назарыңызға ұсынамыз:

1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары құқылы. Тұрғын үй берілген Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушы қайтыс болған жағдайда оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;

2. 1 және 2 топтағы мүгедектер;

3. Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы нысандардағы авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

4. Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;

5. бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ, Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өтеу кезінде жаралану, контузия алу, мертігу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;

6. Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;

7. күнтізбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер.

ҚР азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді ғана жекешелендіруге құқылы. Аталған Заңның 98 бабы 1 тармағында коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына берілетін тұрғын үйді жалдаушы осы Заңда көзделген шарттармен және ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіре алатындығы айтылған. Алайда Сіз жалғыз басты ана болғандықтан жоғарыда көрсетілген жеңілдіктер қарастырылған санаттарға жатпайтындығыңызды қаперіңізге береміз.

Пәтерді қалдық құнымен жекешелендіру жөнінде нақты түсінік алу үшін Азаттық даңғылы, 101а ғимаратында орналасқан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің тұрғын үй секторы мамандарына хабарласуыңызға болады. Қабылдау күндері: сейсенбі, сәрсенбі.

6 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.