Атырау, 6 қараша 10:18
 дождьВ Атырау +0.1
$ 451.87
€ 507.31
₽ 5.53

Қазақстан Израильге бидай жеткізуді екі есеге арттыруды көздеп отыр

69 рет қаралды
ЖИ арқылы жасалған сурет
ЖИ арқылы жасалған сурет

Қазақстан Израильге 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азық-түлік бидайын жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Астықты тасымалдау үшін Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін бағытты немесе Балтық теңізі порттарын пайдалану ұсынылды.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасаған халықаралық The Times of Central Asia басылымы хабарлады.

Ұсыныс Иерусалимде өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Израиль үкіметаралық комиссиясының оныншы отырысында айтылды. «Продкорпорация» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаев израильдік сатып алушылармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Израиль жыл сайын 2 миллион тоннадан астам бидай импорттайды, сондай-ақ арпа, жүгері және майлы дақылдарды сатып алады. Қазақстан бұл нарыққа ақуызы мен желімтегі жоғары азық-түлік бидайын ұсынуды жоспарлап отыр.

Алайда өнім жеткізуге кедергі келтіретін басты мәселе – логистика. Қашықтықтың алыс болуына байланысты астықты тасымалдау қымбатқа түсуі мүмкін. Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік дәлізін пайдалана отырып, Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін бағыт. Балама ретінде Балтық теңізі порттары арқылы жеткізу жолы да ұсынылуы мүмкін.

The Times of Central Asia басылымының жазуынша, Қазақстан бұған дейін Ресей, Әзербайжан және Грузия арқылы Арменияға астықтың сынамалық партиясын жөнелткен. Бұл тәжірибені жаңа экспорттық бағыттарды ұйымдастыру кезінде пайдалануға болады.

Басылымның мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда 24,3 миллион тонна астық жиналды. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында теміржол арқылы 8,4 миллион тонна астық экспортталды. Оның 5,5 миллион тоннасы Орталық Азия елдеріне жөнелтілген.

Сауда-саттықтан бөлек, Қазақстан Израильдің суды үнемдейтін суару технологияларына, тазартылған суды қайта пайдалануға, ауыл шаруашылығын цифрландыруға және жасанды интеллектіні енгізуге қатысты тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.

Бүгін, 09:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.