– Терминалдың жоқтығына немесе оның жұмысындағы ақауларға қатысты шағымдарды қайда айтуға балады?
Арман
Сұраққа Атырау облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВА жауап берді:
– Терминалдың жоқтығына қатысты сауда нүктелеріне келушілер салық қызметіне шағымдана алады. Бірақ төлем кәртішкелерін пайдалану арқылы төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлер мен өз қызметін көпшілік мақұлдаған тәртіппен жүзеге асыратын заңды тұлғалар орнатуы тиіс екендігін ескеру керек.
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл заң патент және жеңілдетілген декларация түрінде арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге таралуы тиіс болатын. Содан кейін олар үшін POS-терминалдарды міндетті түрде орнату мерзімі жарты жылға (2014 жылдың 1 шілдесіне) шегерілді. Яғни, терминалдардың жоқтығы үшін салық қызметінің оларды жазалауға құқығы жоқ.
Арнайы жабдықтарды орнату жөніндегі жаңа енгізілімдер әзірге өздері өндіретін ауылшаруашылық өнімдерін, аквамәдениет (балық шаруашылығы) өнімдерін көтерме және бөлшек саудаға шығаратын, сонымен қатар жайма сөрелер (шатырлар, дүңгіршектер, контейнерлер) арқылы және жалпы қолданатын коммуникациялар жүйесі жоқ жерлердегі сауда нүктелерінде сауда жасайтын заңды тұлғалар мен ЖК-лерге таралмайды.
POS-терминалдарды пайдалану (жұмыс ақаулары және т.б.) мәселесі бойынша шағымдар мен ұсыныстарды тікелей осы жабдықты орнатқан банкке айту керек.