Атырау, 2 желтоқсан 01:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Ата аналар неге дүрлікті?

3 375 просмотра

«АЖ» поштасына индерлік бір топ ата‑аналар хабарласты. Олардың мәлімдеуінше, Ұлттық бірыңғай тестіні тапсыруда балаларын қиындықтар күтіп тұрған көрінеді.

‑ 19 мамырда өткен мектеп әкімшілігі жиналысында Махамбет селосында өтетін ҰБТ‑ні тапсырудың жайы айтылған болатын. Жылма‑жыл көршілес селоға барып тестіні тапсырудың қиындығынан басқа, мектепті бітіруші түлектердің биыл былтырғыдан көп болуынан жатын орын да жетіспейді. Сол себептен таныстарың болса айтыңдар, есебін алуымыз керек деген‑тұғын. Бұл біз үшін күтпеген жайт болғаны рас, әбден тестіні тапсыру жақындағанда барып бұл әңгімені айтқаны несі деп таң қалдық. Неге ертерек қамданбайды, аяқастынан тума іздеп, таныс‑тамырымызды түгендеп сандалуымыз керек пе. Бюджеттен түлектер үшін тамағы, жатын орны, барып келуіне қаржы бөлінген жоқ па. Біз бұл әңгіменің себебін де сұрадық, айтқан уәждері Махамбет ауданындағы лагерлер бірінші маусымнан бастап оқушыларды қабылдамақшы, содан жатын орын тапшылығы пайда болды десті. Қалай еткенде де, бірнеше жылдап бармаған тумаларды, болмаса бұрынғы ескі таныстарды табу үшін де уақыт керек емес пе,‑дейді бір топ елтайлық ата‑аналар мән‑жайды баяндап.

Индербор поселкесінің басындағы мектептерде де оқушыларға жатын орын болса іздеңдер депті. Биыл аудан бойынша 398 оқушы бітірмекші.

‑ Мен де бұл әңгімені естіп таң қалдым. Онсызда ауданның мектеп бітіруші түлектері 2004 жылдан бері тестіні тапсыру үшін 140 шақырымдағы Махамбет селосына барып, сабылып жүр емес пе. Мен мектептегі ата‑аналар комитетінің төрайымымын, биыл немерем бітірмекші. Бұдан бұрын да бір немерем бітіріп, Махамбет селосына барғанбыз. Сонда келесі жылы бұл жайт шешіледі деп сендірген бас сарапшылар. Бірақ одан кейін  ештеңе өзгерген жоқ. Жолдың машақатынан басқа, балалар бір күн бұрын Махамбет селосына барып қонуы керек. Жолдан шаршап‑шалдығып бару балалардың психикасына әсер етіп жатқаны ешкімді ойландырмайды. Қазіргі балалар әлжуаз, онсыз да колонна болып бару үшін бірін‑бірі күтіп жүргенде бір күні кетеді, келесі күні сынақ басталады. Биыл мектепті қырықтан астам түлек бүтірмекші, бұл өткен жылғыдан екі есе көп. Ата‑ана, мұғалім, полиция, балаларды есептегенде мыңға жуық адам жыл сайын көршілес селода шұбырып жүргені, ал осының қажеттілігі қанша, типтік жобадағы мектеп ауданда да бар емес пе,‑дейді Есбол селосының тұрғыны Ажар СҰЛТАНҒАЛИЕВА.

Алайда,Индер ауданы білім бөлімінің бастығы Бағытжан МУСАҒАЛИ жоғардағы ата‑аналардың сөзін жоққа шығарып, кейбір ата‑аналар балаларын өздері алып кеткісі келсе деген ниеттен туған әңгіме деді. 

‑ Индерліктердің неге дүрлігіп жатқанын білмеймін. Түлектердің сынақ тапсыруы үшін барлық қажеттіліктер жасалып отыр, тамағы, жолы, жатын орнына қаржы бөлінген. 8 маусымда селодағы М.Ағелеуов мектебінде өтетін ҰБТ‑ні тапсыру үшін барлық әзірлік жасалды. Жаздық лагерлер оныншы маусымнан кейін жұмысын бастамақшы,‑дейді Махамбет ауданы білім бөлімінің бастығы Марат МЫРЗАШЕВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА      

26 мамыр 2011, 01:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.