– Көлік әуесқойлары алдағы уақыттағы жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жазаларды күшейту және айыппұлдарды арттыру жөніндегі мәселені белсенді түрде талқыға салуда. Кейбіреулері жарық шағылыстыратын үлдірдің, жарық шағылыстыратын бөлшектері бар лактың және бақылау камерасындағы суретті бұрмалайтын арнайы тордың көмегімен бақылау камераларынан мемлекеттік нөмірлерді жасыруды шындап ойлануға кіріскен. Мемлекеттік нөмірді осылайша «жасыру» әдісіне қатысты жол-патрульдік қызметінің пікірін білгім келеді. Көлік иелеріне осындай әдісті қолданғаны үшін қандай да болмасын жаза бар ма?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Жәнібек ШӘРІПОВ жауап берді:
– Әкімшілік полиция басқармасында тіркелген әрбір көлік құралына тіркеу белгілері беріледі. Оларға қойылатын негізгі талап техникалық шарттармен белгіленген. Нөмірлік белгілерге белгі символдарын оқуды қиындататын немесе күн сәулесі түскен кезде ақ дақты көрсететін бөгде заттар орнатылған немесе жағылған көлік құралын басқаруға тыйым салынады. Оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын жүргізетін жүргізушілердің әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабының 1-тармағын бұзу ретінде қарастырылатын болады. Осы құқық бұзушылық үшін 5 АЕК (9 260 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабының 3-1-тармағына сәйкес, көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгілері бар көлік құралын жүргізу 20 АЕК (37 040 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.