– Компаниялардың біріне жұмысқа орналасқанда үш ай сынақ мерзімімен 1 жылға еңбек келісімшартын жасаған едім. Сынақ мерзімі аяқталған кезде жұмыстан босатылатынымды айтып, маған жұмыстан босату туралы бұйрықпен танысып шығып, қол қоюды сұрады. Неліктен сынақ мерзімінен өтпей қалдым деген сұрағыма жұмыс жасай алмағанымды, басшылық тарапынан ескертулер болғанын ауызша айтты. Жұмыс берушінің әрекеті заңды ма және не істеймін? Үш ай жұмыс істегенде басшылықтан ешқандай ескерту алған емеспін және еңбек тәртібін бұзған жоқпын.
Телефон арқылы
Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА жауап берді:
– Шынымен де, ҚР Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, қызметкермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша сынақ мерзімі кезеңінде жұмыс нәтижесі дұрыс болмаған жағдайда бұзылуы мүмкін. Қызметкердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатымен сынақ мерзімі белгіленеді. Жұмыс берушінің қызметкермен еңбек шартын бұзуға бұл қызметкердің сынақ мерзімінде тапсырылған жұмысқа сай келмегендігін нақты растайтын дәлелдер негіз болады.
Мұнда жұмыс берушінің ҚР Еңбек кодексінің 37-бабының 1-тармағына сәйкес, сынақ мерзімі кезеңінде қызметкердің жұмысы теріс нәтиже берсе, жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталуына күнтізбелік жеті күн қалғаннан бастап қызметкерге жазбаша түрде ескертіп, бұл қызметкерді сынақ мерзімінен өте алмады деп тануға негіз болған себептерді көрсете отырып, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы екенін атап өткен жөн.
Сұрақтан көрініп тұрғандай, жұмыс беруші еңбек келісімшартын бұзу туралы ешқандай хабарламаған және сынақ мерзімінен өтпеу себептері туралы жазбаша ескертулерді қызметкерге табыс етпеген. Сонымен қатар, оқырманның айтуынша, қызметкерге қатысты тәртіптік жаза да немесе сынақ мерзімі кезінде теріс жұмыс нәтижесін көрсететін басқа да құжаттар болмаған.
Жұмыс берушінің сынақ мерзімінен өтпеу себептері туралы ауызша нұсқауларының ешқандай заңды күші жоқ екенін атап өткім келеді.
Осылайша, жұмыс берушінің жұмыстан босату әрекеті заңсыз болып табылады. Сіз сынақ мерзімінен өтпеуіңізге байланысты жұмыстан босатылғаныңызға келіспесеңіз, өз құқығыңызды сотқа талап-арыз беріп қорғауыңызға немесе құзырлы органдарға жұмыс берушінің үстінен шағымдануыңызға болады.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА