– Мен күн сайын №14 маршрутпен жүремін. Кондукторлардың жолаушыларға жолақы билеттерін бермейтіндігіне наразымын. Жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты автобус жүргізушілері қозғалыс кезінде автобустарды пайдалану ережесін бұзып, үнемі ұялы телефондармен сөйлеседі. Қозғалыс кезінде жүргізушілердің темекі тартатын жағдайлары да жиі кездеседі. Кондукторлар аялдаманы жарияламайды. Әсіресе, №14 маршрут жүргізушісінің (автобустың мемлекеттік нөмірі 539 АА) Авангардтан бастап жол бойына музыканың даусын қатты шығарып, тыңдағанына зығырданым қайнады. Автобус ішінде кәмелетке толмағандар, егде адамдар бар. Жүргізуші де, кондуктор да ескертуді құлақтарына ілмейді. Тасымалдаушы компания әкімшілігі, қалалық әкімдік қайда қарап отыр?
azh.kz сайтынан
Сұраққа «Айс Транс Холдинг» ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВ жауап берді:
– Шынымен де, кондукторлардың жолақы үшін билеттерді бермейтін фактілері кездеседі. Бұған жергілікті атқарушы органдарға, БАҚ-тарға және «Айс Транс Холдинг» ЖШС басшылығына ауызша және жазбаша түскен шағымдар дәлел болады. Мұндай фактілердің алдын алу және жол бермеу мақсатында «Айс Транс Холдинг» ЖШС әкімшілігі басшылық пен серіктестіктің инженерлік-техникалық қызметкерлері қатарынан мобильді топ құрды. Анықталған ереже бұзушылықтар бойынша кондукторлар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәсіпорынның кірісі сатылған билеттерден түскен түсімнен құралатынын атап өткім келеді. Осыны ескерсе, серіктестік әкімшілігі билеттердің сатылуына мүдделі.
2013 жылдың желтоқсанында кондукторлардың билет берулерін, жүргізушілердің рөлде темекі тарту және ұялы телефонды пайдалануын тексеретін ЖШС-тің мобильдік топтары кезекшілік ұйымдастырды.
Қазіргі кезде серіктестік әкімшілігі 20 автобусқа аялдамаларды жариялайтын аппараттар орнатты. Бірақ кей кездері жүргізушілер талаптарды елемей, оларды қосып қоймайды. ЖШС басшылығы автобустарды маршруттарға шығарар алдында күн сайын жүргізушілер мен кондукторларға жолаушыларды тасымалдауды лайықты жүзеге асыру мақсатында жолаушылармен қарым-қатынас жасау этикасын сақтау, билеттерді міндетті түрде беру, жол қауіпсіздігі ережесін бұзуға жол бермеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Жүргізушілер мен кондукторлардың тәртіп сақтауына лайықты бақылау жасамағаны үшін «Айс Транс Холдинг» ЖШС-нің пайдалану жөніндегі менеджері жұмыстан босатылғанын оқырмандардың қаперіне береміз. Оқырман сұрағында көрсетілген автобус жүргізушісіне қатаң сөгіс берілді. ЖШС басшылығы жолаушыларды тасымалдауды лайықты жүзеге асырудың барлық ықпалды шараларын алады және бұл бағытта тасымалдаушының қызметі жақсаратын болады.