Атырау, 26 қараша 16:39
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Статиге миллиард доллар

3 071 просмотра

Молдавия миллиардері Анатол СТАТИДІҢ мұнай бизнесін тәркілеуге қатысты хикая Қазақстан үшін Стокгольмдегі арбитражды сотта жеңіліспен аяқталды. Олигарх 506 миллион доллар (айыппұлдармен бірге шамамен 1 миллиард) талап етіп, 2010 жылы өзінің мұнай-газ бизнесін қазақстандық биліктің заңсыз тартып алғанын дәлелдеп берді. «АЖ» саясатқа, мұнайға, сыбайлас жемқорлыққа және шетелдіктің атыраулық түрмеден қашып кеткені секілді қызықты сюжеттерге толы жанжалды оқиғалар туралы егжей-тегжейлі жазған болатын. 

МОЛДАВАНДЫҚ БҮЛІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ

2009 жылдың сәуірінде Молдавияда үкіметке қарсы сөздер айтылған парламенттік сайлау өтіп, ол көшедегі тәртіпсіздіктерге ұласқан еді. Манифестация барысында оппозицияны жақтаушылар Молдавия парламенті мен президент әкімшілігінің ғимараттарын қиратып, өртеп жіберді.

Молдавияның коммунистік билігі бұдан бұрын да молдавиялық-румындық Ascom-Grup өнеркәсіптік-қаржылық тобының қожайыны миллиардер Анатол Стати мен оның төңірегіндегілер оппозицияны қаржыландырып отыр деп күдіктенген болатын. Сәуірдегі бүліктен кейін қуғынға ұшыраған олигархтың ұлы қамауға алынып, Статидің қаржылық империясы тексеруге ұшырады. Алайда 2009 жылдың қарашасында Молдавия прокуратурасы кіші Статиден тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген бүкіл айыптарды алып тастап, оны бостандыққа жіберді.

2009 жылдың көктемінде Кишиневтегі сәуір оқиғаларынан кейін қазақстандық күш құрылымдарының күтпеген жерден Маңғыстау облысында он жылдан астам уақыттан бері шағын екі кенішті табысты игеріп жүрген Ascom-Grup тобының екі қазақстандық еншілес кәсіпорны - «Қазполмұнай» мен «Толқынмұнайгаз» кәсіпорындарына қатысты талаптары пайда болды.

2009 жылғы сәуірдің аяғында қаржы полициясы Анатол Статидің Қазақстандағы сенімді өкілі - «Қазполмұнай» компаниясының бас директоры Сергей КОРНЕГРУЦАНЫ қамауға алды.

Мамырдың басында Ақтауда қаржы полициясы «Толқынмұнайгаз» бен «Қазполмұнай» компанияларының кеңселеріне тінту жүргізді.

Кейіннен қаржы полициясы екі компанияның мүліктері мен есепшоттарына тыйым салды. Кешікпей қаржы полициясы Сергей Корнегруца басшылық еткен кәсіпорын «магистральды мұнай-газ құбырларын лицензиясыз пайдалануды жүзеге асырып,21,67 миллиард теңге (шамамен 147,8 миллион доллар) табыс түсірген», деп ресми түрде хабарлады.

Егер тергеу қисынына сүйенсек, «Қазполмұнай» он жылдай уақыт бойына өндірілген мұнайды «ҚазТрансОйл» ұлттық операторына тиесілі магистральды мұнай құбыры арқылы заңсыз тасымалдаған болып шығады.

2009 жылдың қазанында Ақтауда сот молдавиялық бизнесмен Сергей Корнегруцаны кінәлі деп тауып, оны «Заңсыз кәсіпкерлік» бабы бойынша мүлкін тәркілеумен бірге төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кеседі. Ал «Толкыннефтегаз» компаниясының директоры бой тасалайды. Оған іздеу жариялап, 125 миллиард теңге (шамамен 829 миллион доллар) мөлшерінде заңсыз табыс түсірген деп сырттай айып тағады.

2010 жылдың тамызында Қазақстанның мұнай және газ министрлігі екі компанияны да алақол инвесторлар деп таныған сот шешімінің негізінде Ascom-Grup тобының екі еншілес компаниясының жер қойнауын пайдалану құқығына келісімшарт күшін мерзімінен бұрын тоқтатты. Үкімет, сондай-ақ, «Толқынмұнайгаз» компаниясының Боранқұл газ өңдеу зауытын салу туралы келісімшарттың күшін жойды.

Молдавиялық бизнесмендерден тартып алынған Маңғыстау облысындағы мұнай кеніштері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқаруына берілді.

 

Молдовалық бизнесмен Анатол СТАТИ. Сурет: newsmoldova.ruМолдовалық бизнесмен Анатол СТАТИ. Сурет: newsmoldova.ru

«БҰЛ ҚАНМЕН ЖАСАЛҒАН БИЗНЕС...»

Барлығы 2008 жылы Молдова президенті Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА хат жолдағаннан кейін басталып еді.

Бұл хатты 2009 жылдың басында Timpul және «Молдовские ведомости» газеттері президент Владимир Воронин және оның айналасындағылар Анатол Статидің бизнесін өздеріне тартып алғылары келетіндігінің дәлелі ретінде жариялады.

Воронин өз хатында Назарбаевқа Анатол Стати «өзінің Румыния және Түркіменстандағы қызметтерінен түскен табыстарын жасырған, ал қазір Қазақстанда шетелдік инвестор болып жұмыс жасап жатыр» деп ақпарат берген. Әрі қарай Владимир Воронин өз хатында Анатол Статидің Қазақстан жерінен тапқан табыстарын халықаралық қауымдастық, атап айтсақ, БҰҰ санкцияларымен тыйым салынған елдерде, мәселен, Оңтүстік Суданға инвестиция салу үшін қолданып жатқанына жіті назар аудару керектігін алға тартады.

«Мұндай «қанмен жасалған бизнес» осыған мүмкіндік берген елдің, сондай-ақ бизнесмен шыққан елдің де имиджі мен халықаралық беделіне үлкен нұқсан келтіреді»,- дейді Владимир Воронин.

Ол, сондай-ақ, Анатол Статиді «Молдованың кадрлық және сыртқы саясатын қалыптастыруға араласа бастады» деп те кінәлады.

Молдовалық ақпарат құралдары президент Владимир Ворониннің экономика бойынша кеңесшісі Олег Рейдман мен бизнесмен Владимир Плахотнюк 2008 жылдың аяғында Қазақстанда болғаны жөнінде мәліметтері бар екенін айтып кетті.

Олар сол жерде «Владимир Ворониннің тікелей тапсырмасын, яғни, Ascom-Grup қызметін тұрақсыздандыруды жүзеге асырып, нәтижесінде Анатол Стати көптеген жылдар бойы құрған кәсіпкерлікке қол салуы керек болатын», - деп хабарлайды газеттер.

2009 жылғы қыркүйекте Владимир Воронин ел президентігі лауазымынан кетті және көп ұзамай Молдованың Бас прокуратурасы оның үстінен билігін асыра пайдаланды деп қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданған хатқа Владимир Ворониннің өзі қол қойғаны расталды.

Бұл хат молдовалық баспасөз жарияланымдарында Воронин мен Қазақстан президенті Назарбаевтың молдовалық миллиардердің бизнесін рейдерлік тартып алу пиғылдарының басты дәлелдемесі ретінде беріліп отыр. Бұл хатты Стокгольм арбитражды соты А. Статидің Қазақстандағы бизнесін тәркілеуге әкелген ҚР үкіметі әрекеттерінің заңсыздығына негізгі және жалғыз дәлелдеме ретінде қарай қоймас. Алайда біздің қолымызда осы іс бойынша сот хаттамалары мен шешімдері жоқ. Астана да әзірге Стокгольм сотының шешіміне еш түсінік берер емес.

 

ТОЛҚЫН ЖӘНЕ БОРАНҚҰЛ ТУРАЛЫ ПОЭМАЛАР

Сонымен, 2009 жыл ішінде «Толқынмұнайгаз» және «Қазполмұнай» компанияларына қарсы қылмыстық іс қозғалып, соңғысының басшысы Сергей Корнегруца Қазақстан түрмесіне қамалды. Оны 2009 жылғы сәуірде тұтқындап, қазанда – Молдова президенті Ворониннің отставкасынан кейін сотталғанын атап өткен жөн. Яғни, қазанда Воронин қарапайым адам болып қалды және оның үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Осылайша, іс кері бағытқа қарай қозғала бастады. Алайда ҚР құқық қорғау және сот органдары қарқындап келе жатқан бағыттарынан кері қайта алмаса керек, «молдовалық» іске нүкте қойылып, Статидің Қазақстандағы екі компаниясын теріс пиғылды инвестор деп танып, 2010 жылы үкімет кен орындарын иесіз нысан ретінде «ҚазМұнайГаздың» еншісіне берді. Ұлттық мұнай компаниясы барлық қолдағы кен орындарын мемлекет мүддесі үшін толықтай пайдалануы керек, сондықтан да жақсы жабдықталған және мұнай беріп тұрған Толқын мен Боранқұл сияқты кен орындарының жұмысын тоқтатып қоя алмады. Сарапшылардың деректері бойынша, 2009 жылы Ascom-Grup-тың қазақстандық еншілес компанияларының нарықтағы құны 500 миллион доллардан асты.

Мұндай жағдай қашан да кез-келген үлкен немесе шағын кен орындарына өзінің қарапайым ғана елеусіз ЖШС-ін орналастыра қоятын мұнай элитасының кейбір адамдарына қолайлы болғаны сөзсіз.

Біздің дереккөздеріміздің мәліметі бойынша, Боранқұл мен Толқын кен орындарына Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ айналасындағы адамдар келген. Иемденген активтерін қалай сәтті басқарып отырғандарын бірнеше ай бұрын жалақыларын ала алмай наразылық білдірген мұнайшылар акциясынан білуге болатын шығар Балаларыма не демекпін? Әкелерің тағы дымсыз келді деймін бе?» мақаласын қараңыз).

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Стокгольм сотының шешіміне Астананың көзқарасы әлі белгісіз. Назар аударатын жайт: шағымданушылар Қазақстан «молдовалық істе» Энергетикалық хартия шарты талаптарын бұзғанын дәлелдей алды. Бұл - Еуразияның 52 елін біріктіретін және халықаралық энергетикалық секторда құқықты міндеттейтін ережелерді белгілейтін халықаралық ұйым. Қазақстан Энергетикалық хартия шартына 1995 жылы қосылған еді.

 

ҰЛЫ ІСКЕ БЕРІП ЖАТЫРМЫЗ...

1 миллиард, әрине, молдова олигархының жанына жағары сөзсіз. Сонымен қатар, ұлы іске - жолдасы Корнегруцады тұтқыннан азат етуге кеткен миллиондоллар да жанына батуын қоятын шығар. Сергей түрмеде бір жылға жақын отырды (тергеу изоляторын қосқанда 16 айға жуық). 2010 жылдың тамызында оны Ақтаудан Атыраудағы қоныстандыру колониясына ауыстырды. Бұл жерде молдовалық бизнесмен облыстық ҚАЖД (қылмыстық-атқару жүйесі департаменті) басшылары, прокуратура және соттан рекордтық мерзім – жарты тәулікте шартты-мерзімінен бұрын тұтқыннан босатылуға қол жеткізе алды. Сергей Корнегруца төлқұжатсыз, тұтқыннан босатылу туралы анықтамамен ғана Атыраудан Стамбұл арқылы туған қаласы Кишиневқа кедергісіз ұшып жетті. Оның қашу әрекеті үшін облыс түрмесінің басшылығы ғана жауапкершілікке тартылды. Олар бірнеше жыл бас бостандықтарынан айырылды (Қылмыстық-түзету жүйесінің бұрынғы бастығы мен оның екі қызметкері жазаға тартылды мақаласын қараңыз). А. Стати сотпен өндіріп алатын миллиард долларға келетін болсақ, бұл соманы Қазақстанның салық төлеушілері өтейді.

Азамат МАЙТАНОВ

13 қаңтар 2014, 14:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.